Білгенін істеді: Павлодарда темекі шеккен бұзушылар анықталды

Оларды бейнебақылау камералары түсіріп алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жедел басқару орталығының операторлары тәулік бойы адамдар көп жиналатын орындарда, тұрғын үйлердің аулаларында және көше аллеяларында орнатылған камераларды бақылайды.
– Павлодар қаласындағы дүкендердің бірінде бейнебақылау камерасы темекі шегіп, темекі тұқылын рұқсат етілмеген жерге тастаған адамды тіркеді. Басқа жағдайда екі әйел камера объективіне ілікті, олардың бірі темекі тұқылын жерге лақтырған. Сондай-ақ, Торайғыров көшесінде жас жігіт көшеде темекі шегіп, тұқылын жерге тастады. Жолаушыны күтіп тұрған тағы бір адам да дәл осылай жасады. Барлық құқық бұзушылар оқиға орнына келген полицейлер тарапынан әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.
Полицияның бақылауында кез келген заң бұзушылықтар, соның ішінде кейбір қала тұрғындары рұқсат етілген деп санайтын «ұсақ» құқық бұзушылықтар да бар. Кейбір павлодарлықтар темекі тұқылдары мен басқа да қоқыстарды ешкім байқамайды деп ойлап, көшеге тастайды. Алайда бейнебақылау жүйесі мұндай әрекеттерді тіркеп, құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері полицейлер ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 200-ге жуық құқық бұзушылықтың жолын кесті.