Павлодарда футболшылар сотталғандармен жарысқа түсті
Олар жазасын өтеушілерге екі футбол добы мен тәттілер сыйлады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, тергеу изоляторына «Ертіс» футбол клубының директоры Ермек Айтбайұлы, бас жаттықтырушы Сергей Якушин және жергілікті футболшылар Руслан Есімов, Тимур Байжанов, Владимир Воменко шеберлік сабағын өткізді.
– Футбол еңбекқорлық, адалдық, төзімділік, шыдамдылық сияқты маңызды қасиеттерді дамытады. Сонымен бірге кейде бәрі жағдайға байланысты, тіпті, күшті командалар әлсіз қарсыласынан жеңіліп қалуы мүмкін. Футболды болжау мүмкін емес, сонысымен де ерекше, – дейді Сергей Якушин.
Футболшылар шаруашылық қызмет жасағы сотталушыларымен футбол матчын ойнады. Ойын керемет өтті, жазасын өтеушілер футболшылармен танысу мен ойыннан жағымды әсер алды. Ойын соңында барлығы бір-бірімен қол алысып, алғыстарын білдірді.
№ 63 мекеме бастығы Берік Рахимов сотталғандарға және «Ертіс» футбол клубының барлық жаттықтырушылар штабына уақыт тауып, өз шеберліктерімен бөліскендері үшін ризашылығын білдірді.