Павлодарда отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты шағымдар көбейген

Павлодарда отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты шағымдар көбейген
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Осыған орай тәртіп сақшылары жәбірленушілерді қорғау мақсатында түрлі шаларар ұйымдастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ресми дерекке сүйенсек, құқық қорғау органдары 273 жағдайда зорлық-зомбылық қаупінің жоғары екенін анықтаған. Әсіресе, Павлодарда сталкингке қатысты 8 дерек тіркелген. Оның төртеуі бойынша тараптар татуласқан, екі іс әлі қаралу үстінде. Ал қалған екі іс бойынша сот қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындаған. 

Павлодар облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Индира Жүсіпованың айтуынша, полиция зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарды қорғау үшін заң аясында қажетті шараларды қабылдайды. Тіпті, жағдай ушығып, қауіп күшейген кезде де жәбірленушілерге көмек көрсетіліп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Инспектор өз тәжірибесінен мысал да келтірді.

– Мәселен, ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін балаларға қатысты ортақ шешімге келе алмаған. Алғашқы жағдайда ер адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған. Алайда ол тоқтамай, әйелдің жұмыс орнына барып, жанжал шығаруды жалғастыра берген. Осыған байланысты қорғау нұсқамасының талаптарын бұзғаны үшін оған қатысты қылмыстық кодекстің 115-бабы бойынша іс қозғалды, – дейді полиция өкілі.

Жыл басынан бері учаскелік инспекторлар 3 559 қорғау нұсқамасын шығарған. Ал оларды бұзғаны үшін 317 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарды қайталап жасаған 243 адам да жауапқа тартылып, олардың 156-сына әкімшілік қамау тағайындалған. 

Тәртіп сақшылары мұндай көрсеткішке қарамастан отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында тіркелген қылмыс саны азайғанын айтады. Былтырғы сәйкес кезеңде 116 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 93-ке дейін төмендеп, 19,8 пайызға азайған. 

– Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Тұрмыс» және «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шаралары, сондай-ақ «Отбасы — зорлық-зомбылықсыз», «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан», «Біз жаныңдамыз» және «Қауіпсіздік коды» акциялары өткізілді, – деп толықтырды Индира Жүсіпова. 

Полиция тұрғындарды зорлық-зомбылық белгілерін елемеуге және қауіп төнген жағдайда уақытылы көмек сұрауға шақырады. Құқық қорғау органдарына 102 нөмірі арқылы хабарласуға болатынын еске салады.

Бекбол Мырзахан.