Баянауылдың аруы сабыр мен мейірім арқылы асау жылқыларды жуасытуда

Мархабат Тоқсан бірінші рет асау атқа 16 жасында мінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ол бүгінде жылқы баптаудың қыр-сырын меңгеріп, дәстүрлі істі жалғастырып жүр. Жылқының асаулығын жеңіп, оны баптау көбіне ер-азаматтардың ісі саналса да, баянауылдық жас қыз Мархабат Тоқсан бұл пікірді өзгертуде.
Мәшһүр Жүсіп ауылының тумасы, қазіргі таңда Бүркітші бөлімшесінде тұратын Мархабат 13 жасынан бастап үйдің және сырттың жұмысын қатар атқарып келеді. Ең алғаш қолына шелек алып, биені сауғанда қорқынышын жеңгенін еске алады.
– Анамның қолдауымен бірінші саумалды сауып шықтым. Бие сауу дәлдік пен тәртіпті қажет етеді. Әр екі сағат сайын сауамыз, ал алғашқы саумалды көрші-қолаң мен туыстарға тарату – ежелгі дәстүріміз, – дейді жас қыз.
Қазір Мархабат Астанада білім алып жүр, алайда демалыс сайын ауылға асығып, аттарының қасында болуға тырысады.
– Жылқы баптау арқылы өзімді тәрбиелеймін. Бір рет бие тепкенде қатты қорыққанмын, бірақ содан кейін сақтық пен сабырды үйрендім. Енді жылқының мінезін, көңілін бірден аңғара аламын, – дейді баянауылдық қыз.
Ол алғаш рет асау атқа 16 жасында отырған.
– Жүрегім дүрсілдеп, қатты қорықтым. Бірақ анам: «Қызым, қорықпа, үйренесің» деп дем берді, – дейді Мархабат Тоқсан.
Оның айтуынша, жылқыны үйрету – күш емес, сабыр қажет ететін іс.
– Әр аттың өз мінезі бар, сондықтан алдымен бірнеше күн бақылау керек. Жылқы адамның көңілін сезеді. Егер ашумен барсаң, ол да қарсы мінез көрсетеді. Мен оннан астам жылқыны бабына келтірдім. Құлын кезінен қолға үйретіп, тәтті беріп, жылы сөзбен жуасытып өсіремін, – дейді ол.
Баянауылда жылқы бағу дәстүрі көбіне ерлер ісі саналса да, бұл шаңырақта әйелдер де белсенді атсалысады.
– Жылқы әйелдің мейірімін тез сезеді. Біз сабырмен, жұмсақ сөзбен үйретеміз. Ер адамдардың дауысы қаттырақ, сондықтан жылқы кейде қарсы мінез көрсетеді. Сабыр мен шыдамдылық – жылқыны жуасытудағы ең басты құрал, – дейді Мархабат Тоқсан.
Мархабат тек жылқы баптап қана қоймай, ноқта тоқуды да меңгерген.
– Бір жылы ноқта жетпей қалды. Анам: «Өзіміз тоқып көрейік», – деді. Сөйтіп, алғашқы ноқтамды өз қолыммен тоқыдым. Қазір жиырмадан астам биенің ноқтасын өзім жасаймын, – дейді ол.
Жібек жіптен өрілген ноқталар мықты әрі көзге әсем көрінеді.
Мархабат Тоқсанның айтуынша, ноқтаны қатты болсын деп емес, жылқының басына жайлы болсын деп тоқиды. Бұл – аттарға деген құрметі.
– Біз өз тегімізді ұмытпауымыз керек. Ата-баба дәстүрін сақтау – парызымыз. Қай істі істесек те, жүрекпен істеу керек, – дейді ол.
Шынында да, сабырмен жуасқан жылқы мен шебер қолдың еңбегі – қазақ қызының мейірімі мен намысының айғағы.