Павлодарда салынатын жаңа конгресс-холлдың бір қанаты ҚХА-ға арналады

Павлодарда салынатын жаңа конгресс-холлдың бір қанаты ҚХА-ға арналады
Фото: Валерий Бугаев

Бұл туралы «Қазақстан – бірлік елі» этностар форумында облыс әкімі Асайын Байханов мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір басшысының айтуынша, конгресс-холл төрт қанаттан тұрады, оның бір бөлігі Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына арналмақ. Осылайша, облыста этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған жұмыстар жаңа деңгейге көтеріледі. 

Іс-шара барысында Асайын Байханов Ассамблея жұмысының маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бірлігіміз – әр алуандылықта» деген қағидаты қоғамымыздың басты құндылығына айналды. Бұл бағытта Ассамблеяның орны ерекше. Биылғы жылы облыста Ассамблеяның 13 ауқымды жобасы жүзеге асты. Жауапты жұмыстар үшін баршаңызға алғыс айтамын. Өңірдегі этносаралық ахуал менің тұрақты бақылауымда, – деді ол.

Форум Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.

«Құрмет» ордені «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторы Николай Скрипникке табысталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалі Ақсу ферроқорытпа зауытының бөлім бастығы – бас механигі Ерғанат Естаевқа, «Павлодаргидрогеология» ЖШС жүргізушісі Талды Иманбаевқа және «МСУ «Құрылыс» ЖШС тас қалаушысы Иосиф Турчакқа  берілді.

Қазақстан халқының бірлігін, қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан үлесі үшін ҚХА Төрағасы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамотасымен «Иртышские казаки» халықтық ансамблінің жетекшісі Вера Ковеня марапатталды.

Ал Мемлекет басшысының Алғыс хатына Сусанна Аракелян мен Хызыр Байрамкулов ие болды. Бұдан бөлек, бірқатар азаматтарға облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

Сонымен қатар форумда облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, «Мерказ» облыстық еврей этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Татьяна Сливинская да сөз сөйледі.

– Ассамблея – еліміздегі бірегей құрылым. Ол Қазақстанды мекендеген барлық этностарды біріктіреді. Павлодар облысының ассамблеясы республика деңгейіндегі жобаларға елеулі үлес қосты. Оған қоса өңірде мыңға жуық әлеуметтік желі жарияланымы, 125 баспа және телеэфир материалы шықты, – деді ол. 

Жастар атынан «Эльпида» грек этномәдени бірлестігінің өкілі Дмитрий Бабулиди сөз сөйледі.

– Ассамблея маған достықтың, бірліктің не екенін үйретті. Мемлекеттік тілді үйрену – менің парызым екенін түсіндім. Жастарды бірлік пен келісімді сөзбен емес, нақты іспен нығайтуға, бастамаларды өз қолдарымызға алуға шақырамын, – деді ол.

Форум соңында қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірдегі этносаралық келісімді нығайтудағы рөлін жоғары бағалап, арнайы әзірленген концерттік бағдарламаны тамашалады.

Еске сала кетейік, бұған дейін облыс әкімі өңірде 1500 орындық жаңа конгресс-холл және жаңа мұздайыны бой көтеретіні туралы мәлімдеген еді. Жұмыстар наурыз айында басталады.