Павлодарда сот салық органының хабарламасын заңсыз деп таныды

Павлодарда сот салық органының хабарламасын заңсыз деп таныды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тексеру кезінде бірқатар рәсімдік заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты заңды тұлғаның салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаның күшін жою жөніндегі талап арызын қанағаттандырды.

Сот мәліметінше, жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеру электрондық шот-фактураларды жазуға шектеу қойылған жеке кәсіпкермен өзара есеп айырысуларға байланысты жүргізілген.

Істі қарау барысында сот әкімшілік рәсімнің уәкілетті емес органмен жүргізілуі, тыңдау хаттамасының талапқа сай рәсімделмеуі, салықтық тексеру нысанасының нақты айқындалмауы, зерттеп-қарау тәртібінің бұзылуы, құжаттар арасындағы қайшылықтар, салық есептеулеріндегі сәйкессіздіктер және тексеру мерзімінің сақталмауы сияқты бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады.

Сот бұл кемшіліктер әкімшілік актінің заңдылығына әсер еткен деген қорытындыға келіп, салық органының хабарламасын заңсыз деп танып, күшін жойды.

Сот шешімімен талап қою толық көлемде қанағаттандырылды. Сондай-ақ жауапкерден талап қоюшының мемлекеттік баж төлеуге жұмсаған сот шығындары өндірілді.

Сот актісі заңды күшіне енді.