Павлодарлық психолог зорлық-зомбылық туралы: Балалардың психикасы әлсіз
Маман қазіргі балалардың қатыгездікке салынуының себебін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар қаласының №25 ЖОМ педагог-психологі Жанар Ордабаева өзекті тақырыптың бірі – мектептегі оқушылардың зорлық-зомбылық мәселесін көтерді.
– 20-30 жыл бұрынғы балалар мен қазіргі балалардың психикасы мүлдем басқа. Бір-бірімен салыстыра алмаймыз. Бұрын қатаң тәртіп болды, біз оған бағынып жүрдік. Өмірде қиыншылық көргеннің өзінде оған мойымай өтуге дайын болдық. Ал қазір балалардың психикасы әлсіз. Жаны қиналып, бір тығырыққа келсе бірден өзіне зақым келтіретін өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін дүниелерді жасап жатады, – деді психолог.
Маманның пайымдауынша, біз балаларды ата-ана емес, әлеуметтік желі тәрбиелеп отырған кезеңде өмір сүріп жүрміз.
– Олар содан көргенін жасайды. Қаншама балаға қатысты қатыгездікті, зорлық-зомбылықтың жасалғанын көріп отырмыз. Олар сырттан көрген дүниеге еліктеп, соны істеуге тырысады, – деп атап өтті спикер.
Психолог бұл жағдайға қатысты ата-ананың баласымен сөйлесіп, оған дұрыс бағдар беріп, дұрыс бұрысын түсіндіру қажет екенін айтып өтті.
– Отбасыда мейірім, сыйластық болмаса, үлкендердің ақыл-кеңесі айтылып, балалармен талқыланбаса көргендерін істейді. Ата-ана баланың қойылған сұрақтарына өздері жауап беруге тиіс, әйтпесе сұрақтың жауабын басқа жерден іздей бастайды, – деді Жанар Ордабаева. – Үнемі жақсылық айтылып отырғаннан кейін ол бәрібір де ойында қалады.
Психологтың зорлық-зомбылық көрген балалармен жұмысы өте күрделі болып келеді.
– Зорлық-зомбылық жасалғанда екі жоспар құрылады. Жәбірлеуші мен жәбір көрушімен де жұмыс жасалады. Жәбір көрушінің үрейі, қорқынышы, сенімсіздігі бар. Осыған байланысты жаттығу түрлері, әдіс-тәсілдер қолданылады. Ал, жәбірлеушімен оның агрессиясын төмендетуге, оның ашуын өзін-өзі реттеу алуына байланысты жыл бойы жұмыстар жалғасады, – деп атап өтті ол.
Оның сөзінше, жәбір көрген баланы бірден анықтап, білуге болады.
– Баланың тәбеті нашарлап, ұйқысы бұзылып, мектепке баруға қорқа бастайды. Сыныптастарымен қарым-қатынасқа түсуге, далаға шығып қыдырып келуден бас тартып, үйде жападан жалғыз қалуға тырысады. Баланың көңіл-күйінің жоқтығы көрінеді. Бұл белгілерді бірінші көрген мұғалім болса, оны бірден психологқа апарып, ата-анаға айту керек, – деді Жанар Ордабаева.
Мектепте балалар психологқа түрлі мәселелермен келіп жатады.
– Бұл енді жасына байланысты. Бесінші, алтыншы сыныптағы оқушылар көбінесе сыныптан ауысып кеткендегі сыныптасарымен өзара қарым-қатынас мәселесі толғандырады. Ал есейе келгенде оларда жеке бас мәселелері туындадайды: отбасылық жағдайлар, ата-анасының ажырасу мәселесі, ғашықтық, достармен келіспеушілік. Сондай-ақ, мамандық таңдаудағы қиыншылық туып жатады,– деді ол.
Еске сала кетейік, жуырда ата-аналар баланы қорлағаны туралы қалалық мәслихат депутатына мәлімдеген болатын. Төртінші сынып оқушысы өзі оқитын мектептің оқушысына зорлық-зомбылық көрсеткен. Материалдар сотқа жіберілді. Аталған факті туралы полицияға хабарламағаны үшін мектеп әкімшілігіне қатысты материал ҚР ӘҚБтК-нің 127-1-бабы бойынша жауапқа тарту үшін уәкілетті органға жіберілді.