Павлодарлық прокуратура сот шешімдерінің орындалуын қатаң бақылауға алды
Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекет пен азаматтар пайдасына миллиардтаған қаражат қайтарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс прокуратурасы 2025 жылға арналған атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңдылықтың сақталуы бойынша қадағалау қызметінің қорытындыларын шығарды.
– Жыл қорытындысы бойынша прокурорлар тарапынан 40-тан астам прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, 30-дан астам қылмыстық және әкімшілік іс қозғалды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 800 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді, 110 сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ал екі нотариус қызметін жүзеге асыру лицензиясынан айырылды, – деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, қадағалау барысында алимент төлеуден жалтарып, табыстарын жасырған шамамен 270 борышкер анықталды.
– Сот орындаушыларының, әділет органдары мен полицияның үйлестірілген жұмысының арқасында алимент бойынша 4,2 миллиард теңге көлеміндегі берешек өндірілді, мемлекет кірісіне 1,2 миллиард теңге қарыз өтелді. Сондай-ақ жұмыс берушілер жалақы бойынша қарыздардың 90 пайызын төледі, – делінген хабарламада.
Прокурорлардың айтуынша, 380-нен астам қасақана борышкер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот актілерінің орындалуы барлық азаматтар үшін міндетті болып табылады және прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
2026 жылы прокуратура органдары атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыруға, сот шешімдерінің уақтылы әрі толық орындалуына бақылауды күшейтуге, сондай-ақ оларды орындаудан жалтару фактілерінің жолын кесуге басымдық беруді жоспарлап отыр. Негізгі басымдықтардың қатарында балалардың құқықтарын қорғау, алименттерді, жалақы бойынша берешектерді және мемлекет кірісіне түсетін қарыздарды өндіру шараларын жандандыру, сондай-ақ борышкерлерді және олардың жасырын табыстарын анықтау үшін заманауи цифрлық құралдарды қолдану бар.