Павлодарда сотталғандар Астананың макетін жасады
Жазасын өтеушілер мерекеге орай импровизацияланған құралдардан елорданың макетін жасауды ұйғарған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, № 46 мекемесінің арнайы контингенті арасында жыл сайын мереке қарсаңында мерекелік концерттер, спорт күндері мен дөңгелек үстелдер сияқты түрлі шаралар ұйымдастырылады. Бұл жолы да сотталғандар Астана қаласына байланысты түрлі оқиғалар жайлы айтып берді.
– Мекемеде сотталғандардың шығармашылығына қолдау көрсетіледі. Бұл олардың еңбекке деген қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді. Жазасын өтеген алғашқы күннен бастап бірнеше сотталушы шығармашылықпен айналысуға ниет білдірді. Біз оларды қолдадық. Сотталғандар жарыстарға қатысып, өздерін жақсы жағынан көрсетуде. Бұл өте маңызды, – деді мекеме басшысының орынбасары, әділет майоры Нұрлан Баякенов.
Жазасын өтеушілерге қағаздан, темірден, ағаштан «Бәйтеректің» макетін жасауға бір-екі күн қажет болды. Нұрлан Баякенов тиісті жасақ басшыларына ерекше көзге түскендерді ынталандыруды тапсырды.