«Атамекен – Ертіс – Русская поляна» жолының жөнделуі мерзімнен бұрын аяқталады

Әуелден жұмыстар екі жылға созылады деген жоспар болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандағы ең ірі жобалардың бірі – республикалық маңызы бар «Атамекен – Ертіс – Русская поляна» автожолының жөндеу жұмыстары. Оның ұзындығы – 33 шақырым. 2024 жылы аталған бағыттағы тас жолының 226-244 шақырымы мен 257-263 шақырымында күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Екі жылдық жобамен «АЗА» ЖШС мердігерлік ұйымы айналысып келеді.
– Алайда, мердігер ұйым ауа райы қолайлы жағдайда жұмыстарды биылғы қыркүйек–қазан айларында аяқтауды көздеп отыр. Қазіргі таңда жол бойында су өткізгіш құбырлар орнатылып, асфальт қабатын төсеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Ақтоғай ауданының экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының орынбасары Самат Секенов.
Еске сала кетейік, наурыз айында өткен аппараттық жиында облыс әкімі Асайын Байханов республикалық маңызы бар «Атамекен – Ертіс – Русская поляна» және «Павлодар – Омбы – Майқапшағай» жолдары жылдан- жылға нашарлап баратынын атап өткен болатын. Маусымда соңғы аталған жол
Облыстық маңызы бар жолдардың да жағдайы назардан тыс қалмаған. Ақтоғай – Шолақсор автожолының бірнеше учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жолдың жалпы ұзындығы 49 шақырымды құрайды. «ПКФ ГОРДОРСТРОЙ» ЖШС мердігерлік ұйымы 15–29 және 30–35 шақырымға созылған учаскелерді қалпына келтіреді. Оған 1 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген.
– Аталған жобалар екі жылға жоспарланғанымен, мердігер ұйым жұмысты 2025 жылы аяқтауды мақсат етіп отыр. Бүгінде алғашқы учаскелерде жұмыстар толықтай орындалып, тек жол белгілері мен сызықтарын салу қалған, – деді Самат Секенов.
Аудандық деңгейде де көлік қатынасын жақсарту үшін нақты істер атқарылуда. Ағымдағы жылы Естай ауылына кіреберіс жолда 1,1 шақырым жерде қиыршық тас төселді. Жұмыстарды «B&S 2017» ЖШС атқаруда. Алайда, сапа бойынша ұлттық орталық ақаулар анықтап, оны жою жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Мүткенов ауылында бес және жеті шақырым көше жолдары жөнделіп жатыр. Жалаулы, Жолболды және Өтес ауылдарының көшелеріне жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.
– Жол сапасын арттыру – тек инфрақұрылым емес, тұрғындардың өмір сапасы үшін маңызды қадам, – деді Самат Секенов.
Аудан әкімдігі алдағы жылдарға арналған ірі жобаларды да бастамақ. Соның ішінде: Басқамыс – Қарақоға – Шұға – Жолболды бағытындағы жолдың 0 – 15 және 15 – 20 шақырым учаскелері бойынша конкурс аяқталып, мердігермен келісімшартқа отыру жоспарлануда. Бұл жобалар 2026 жылға ауысады деп қарастырылған. Қараой, Қайран, Жамбыл, Әбжан ауылдарына кіреберіс жолдар да жаңартылмақ. Қиыршық тас төселген жолдарды асфальтпен алмастыру мақсатында жобалар дайын. Жоламан, Жаңатап, Жолболды, Жаңабет ауылдарының кіреберіс жолдарына қатысты да жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Республикалық, облыстық және аудандық деңгейде бөлінген қаражат есебінен 2025 жылдың өзінде ондаған шақырым жол жаңартылып, елді мекендердің байланыс сапасы артып отыр. Бұл жобалар тек инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, ауыл халқының тұрмыс деңгейіне де оң әсерін тигізеді.