Павлодарда түнгі уақытта ойын клубына барған жасөспірімдердің ата-анасы жазаланды
Кәмелетке толмағандардың нысанда болуына жол бергені үшін мекеме қызметкерлері де жазасыз қалмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ювеналды полиция тобының қызметкерлері күн сайын кәмелетке толмағандардың қатысуымен қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында ойын-сауық орталықтарында, кафелерде рейдтер жүргізуде.
- Көптеген кәмелетке толмағандар құқық бұзушылықпен түрлі қылмыстың құрбаны боламыз деп ойламайды. Мысалы, түнгі сағат 00:16-да 16 жасар кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз Н.Назарбаев даңғылындағы ойын клубында болу фактісі тіркелді. Дәл солай, сағат 23:08-де Қамзин көшесінде орналасқан ойын клубында да осындай факті анықталды. Кәмелетке толмағанның орталықта болуына жол бергені үшін мекеме қызметкерлері және ата-аналары жазаланды, - деді Павлодар қаласы ПБ ЖПҚБ ювеналды полиция тобының аға инспекторы Руслан Сүлейменов.
Айта кету керек, ағымдағы жылы Павлодар облысы бойынша ойын-сауық мекемелерінің 14 иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Себебі мекеме қызметкерлері жасөспірімдердің түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз ойын орталықтарына кіруге рұқсат берген.
Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта олардың еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуына жол бергені үшін 256 ата-ана жауапкершілікке тартылды.