Павлодар облысында 100 мыңға жуық тұрғын төлқұжат пен жеке куәлік алды
Ал ел бойынша 2,6 миллионнан астам қазақстандық аталмыш қызметті пайдаланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«109» қызметінің мәліметінше, былтыр өңірде халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 99 156 төлқұжат пен жеке куәлік берілген. Жалпы 2023 жылы 2,6 миллионнан астам қазақстандық Азаматтарға арналған үкіметтен төлқұжат пен жеке куәлік алды.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 615-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын дайындау үшін төленетін баж салығы мөлшері:
24 парақты – 14 мың 768 теңге (4 АЕК) (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
36 парақты – 29 мың 536 теңге (8 АЕК);
48 парақты – 44 мың 304 теңге (12 АЕК).
Ал жеке куәлік дайындағаны үшін мемлекеттік баж – 0,2 АЕК. Алғаш рет алушылар үшін баға – 738 теңге, бір жыл ішінде екі реттен артық жоғалтқан жағдайда 1 АЕК (3692 теңге) құрайды.
Айта кету керек, биылғы жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгеге өскен болатын. Ал өткен жылы бұл қаражат 3450 теңгені құраған.