Павлодарлық депутаттар мыңға жуық оқушыны мектепке жинауға демеушілік етті

Қайырымдылық жыл сайын ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Amanat» партиясының Павлодар облыстық филиалында «Баланы мектепке дайындайық» республикалық акциясы аясында шара өткізілді. Бұл акция «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылды. Онда 100 балаға рюкзак, кеңсе тауарлары және 20 мың теңгелік сертификаттар табысталды. Павлодар облыстық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айнұр Мұхамедиярованың айтуынша, жалпы тамыз айынан бері мыңға жуық оқушыға көмек көрсетілді.
– Біздің басты мақсатымыз жаңа оқу жылы қарсаңында мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына қолдау көрсету. Ай соңына дейін бұл көрсеткіш 1,5–2 мыңға жетеді деп жоспарлап отырмыз,– деді ол.
25 тамыз күні Ақсу қаласында – 200 бала, Павлодар ауданында – 200 бала, Шарбақты ауданында 40 бала мектепке қажетті құрал-жабдықтармен, киіммен қамтылды. Ал облыс орталығында 100 балаға көмек көрсетіліп отыр. Бұл шара облыстық мәслихат депутаты Гнел Акопянның қолдауымен ұйымдастырылды. Бұдан бөлек депутаттар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың үйлеріне барып, сыйлықтарын жеке табыстайды.
– Балаларға көмек – мен үшін ең басты бағыттардың бірі. Бұл жұмысты пиар үшін емес, азаматтық борышым ретінде атқарамын. Әсіресе, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына қолдау қажет. Сол үшін әрқашан көмектесуге дайынмын, – деді Гнел Акопян.
Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченконың айтуынша, осындай игі іске қалалық, аудандық мәслихат депутаттары, Мәжіліс пен Сенат өкілдері, сондай-ақ басқа партиялардан келген әріптестер мен қоғамдық кеңес мүшелері де өз үлесін қосты.
– Бұл шараны біз жүйелі түрде 20 жылдан бері өткізіп келеміз. Сондай-ақ, әр баланың мектепке тең мүмкіндікпен баруын қамтамасыз ету, – деді ол.
Көпбалалы ана Айгүл Қалқабаева өз пікірімен бөлісті.
– Мен бес баланың анасымын, II топтағы мүгедектігім бар. «Amanat» партиясы бірнеше жылдан бері бізге қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе қымбатшылық заманда мектепке дайындыққа берілген көмек біз үшін үлкен демеу. Балаларым да қуанып қалды. Осындай игі істі ұйымдастырып жатқан азаматтарға алғысым шексіз, – деді ол.
Игі шараның басты мақсаты – тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларын мектепке тең мүмкіндікпен шығарып салу.