Павлодарда тұлғаны танитын отандық жүйе таныстырылды
Павлодарлық полицейлерге қылмысты ашуға көмектесетін заманауи технологиялар жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінде қылмыстарды ашуда қолданылатын заманауи криминалистикалық жабдықтардың таныстырылымына аймақ басшысы Асайын Байханов қатысты.
Өңір басшысына сараптамалық-криминалистикалық зерттеулер жүргізуге, қылмыс іздерін анықтауға, тіркеуге және алуға арналған арнайы техника көрсетілді.
Тұлғаның бет-әлпетін тануға арналған отандық «Образ++ 4.0» автоматтандырылған ақпараттық-іздеу жүйесі департаменттің техникалық базасын толықтырды. Жүйенің жаңа нұсқасы биометриялық сәйкестендіру жүргізуге, адамның бет-әлпетін автоматты түрде анықтап, кодтауға, фотосуреттер, фотороботтар мен бейнематериалдар бойынша іздеу жүргізуге, сондай-ақ кескіндерді «дәлме-дәл» қағидаты бойынша салыстыруға мүмкіндік береді. Жүйе онлайн және офлайн режимдерде жұмыс істейді, сондай-ақ деректерді іздеу мен сүзгіден өткізудің түрлі мүмкіндіктерін қарастырады.

Сараптама қызметінің криминалистикалық әлеуетін арттыру мақсатында «Регула» мобильді магнит-оптикалық кешені ұсынылды. Ол автокөліктердің VIN-нөмірлері мен қару-жарақ және оқ-дәрілердің таңбалау белгілерінің түпнұсқалығын бұзбай бақылауға, олардың өзгертілгенін немесе қолдан жасалғанын анықтауға және бастапқы нөмірлерін қалпына келтіруге арналған. Сондай-ақ ультракүлгін, инфрақызыл және люминесценттік талдау арқылы құжаттардың түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ақ, ультракүлгін, көк және инфрақызыл сәуле көздері бар криминалистикалық жарық кешені таныстырылды. Аталмыш жабдық шаш, талшық, биологиялық сұйықтықтар және оқ-дәрі қалдықтарын қоса алғанда, әртүрлі іздерді анықтауға мүмкіндік береді.
Асайын Байханов құқық қорғау органдарын заманауи технологиялармен жабдықтаудың маңыздылығын атап өтті.
- Полицияны заманауи техникамен жабдықтау құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігіне және азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Полицияның материалдық-техникалық базасын нығайту - құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудың маңызды құрамдас бөлігі. Отандық шешімдерді дамытуға ерекше мән беріледі. Бұл - технологиялық тәуелсіздік және жабдықтарды тәжірибелік талаптарға бейімдеу мүмкіндігі, - деді облыс әкімі.
Таныстырылым қорытындысы бойынша облыстық полиция департаментінің бөлімшелерін қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету үшін сатып алуға қажет техникалардың тізбесін айқындау және оларды сатып алуға қажетті қаражатты бөлу бойынша тапсырма берілді.