ХҚКО: Павлодарда қызметтерді автоматтандыру ауқымы кеңейтілуде
Павлодарлықтар ХҚКО операторларына бұрынғыдан сирек жүгініп, мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуды жиілетіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында толық автоматтандырылған мемлекеттік қызметтердің тізімі кеңейтілді. Жерге мемлекеттік актілерді, техникалық және кадастрлық паспорттарды беру, мүгедектік мерзімін ұзарту, асыраушысынан айырылу бойынша төлем тағайындау және еңбек иммигранттарына арналған қызметтер онлайн форматқа көшірілді. Тек мамыр айының өзінде жер актілерін алу үшін 1094 өтініш берілген.
– Павлодарлықтар ХҚКО операторларына бұрынғыдан сирек жүгініп, мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуды жиілетіп келеді. 2026 жылдың алғашқы бес айында өңір тұрғындары өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы 215 мыңнан астам қызмет рәсімдеді. Бұл көрсеткіш ХҚКО арқылы көрсетілген қызметтер санынан асып түсті. Мұндай нәтижеге толық автоматтандырылған мемлекеттік қызметтер тізімінің кеңеюі мен цифрлық сервистердің дамуының арқасында қол жеткізілді, – деді облыстық «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ директорының міндетін атқарушы Рахат Қошанов.
Оның айтуынша, ең маңызды өзгерістердің бірі жылжымайтын мүлік пен жер қатынастары саласындағы қызметтердің автоматтандырылуы болды. Сәуір айының соңынан бастап жер учаскелеріне мемлекеттік актілер беру электрондық форматқа ауыстырылды. Тек мамыр айында өңір тұрғындары меншік құқығын немесе жер пайдалану құқығын растайтын осы құжатты алу үшін 1094 өтініш берген.
Сұранысқа ие тағы бір қызмет: жылжымайтын мүлік объектісіне техникалық паспорт рәсімдеу қызметі 1 маусымнан бастап толықтай онлайн көрсетіледі. Сәуір айында Павлодар облысы бойынша электрондық үкімет порталы арқылы 940 өтініш берілсе, ХҚКО арқылы 362 өтініш түскен. Мамыр айында онлайн форматты 786 адам таңдаған, ал фронт-офистер арқылы 322 өтініш қабылданған. Енді өтініш беруден бастап нәтижені алуға дейінгі бүкіл процесс қашықтан қолжетімді.
Сондай-ақ 1 маусымнан бастап eGov порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортының телнұсқасын беру қызметі толықтай онлайн форматқа көшірілді. Құжатты ХҚКО-ға бармай-ақ бірнеше батырманы басу арқылы алуға болады.
Автоматтандырылған қызметтер қатары әлеуметтік маңызы бар сервистермен де толықты. Екінші тоқсанда мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеу мерзімін автоматты түрде ұзарту қызметтері толықтай онлайн қолжетімді болды. Сонымен қатар, алушы қайтыс болған жағдайда төлемдерді автоматты түрде тоқтату функционалы іске қосылды. Бұдан бөлек, еңбек иммигранттарына рұқсат беру және олардың мерзімін ұзарту қызметтері де автоматтандырылған форматта көрсетіледі.
– Қызметтерді проактивті және автоматтандырылған форматқа көшіру азаматтарға қажетті құжаттар мен төлемдерді жылдамырақ, ыңғайлырақ әрі орналасқан жеріне қарамастан алуға мүмкіндік береді. Жылжымайтын мүлікке, әлеуметтік қамсыздандыруға және нәтижені жедел алуды талап ететін өмірлік жағдайларға байланысты қызметтерге ерекше назар аударылуда, – деп атап өтті Рахат Қошанов.
Цифрлық сервистер тізімін кеңейту электрондық үкіметті дамыту және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Бүгінде Павлодар облысының тұрғындары уақыттарын үнемдей отырып, артық рәсімдерсіз және ХҚКО-ға бармай-ақ көптеген мәселелерді онлайн шеше алады.