Павлодарлық жас кәсіпкер: Балалық шақты бақытты ету – менің миссиям
Бизнес леди үшін басты құндылықтардың бірі – жергілікті өндірушілерді қолдау, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығында үш жылдан бері балаларға арналған мультибрендтік дүкені жұмыс істеп келеді. Оның негізін қалаушысы – жас кәсіпкер, екі баланың анасы Айжан Абылғазинова
– Біздің дүкенде шетелдік брендтермен қатар қазақстандық өнімдер де сатылады. «Балапанчик», «Hanym atelier», «Remier», «Лепесток» сынды брендтерді қолдап, оларға өз тауарларын ұсынуға мүмкіндік береміз. Әріптестерімізге икемді шарттар ұсынып, қолымыздан келгенше алға жылжытамыз, – дейді Айжан Абылғазинова.
Оның кәсіпкерлік жолы студенттік кезінен басталған. 2013 жылы Алматыда оқып жүргенде қолөнер бұйымдарын жасап, сата бастайды. «Қоржын», «тойбастар», альбомдар – бәрі де сүйікті ісінен шыққан. Уақыт өте клиенттері көбейіп, балаларға арналған тауарларға сұраныс артқан соң, ол алғашқы киім-кешек пен аксессуарларды сата бастайды.
– Басында онлайн-дүкен ғана болатын. Офлайн дүкенімізді шаһарымыздағы ең үлкен сауда үйінен аштық. Қазір дүкенімізге үш жыл болды, – дейді кәсіпкер.
Айжан Абылғазинова бөлшек саудаға арналған арнайы бағдарламалар болмағанын айтады. Бірақ бұл қиындық оны тоқтатқан жоқ. Керісінше, жеке несие алып, ісін дамытты. Бүгінде ол тек саудамен ғана емес, өз брендін қалыптастырумен де айналысып жүр.
– Жақында Қытайдағы Гуанчжоу қаласында өткен кантон жәрмеңкесіне барып, серіктестер таптық. Нәтижесінде «Aizhan presents» брендімен джинс коллекциясын шығардық. Көктемгі коллекцияға тән болғанымен, қазірдің өзінде сұраныс жақсы, – дейді ол.
Оның айтуынша, отандық брендтерге сұраныс жоғары, әсіресе шетелдік қонақтар қазақы нақыштағы тауарларды ерекше бағалайды. Дегенмен, өнімнің өзіндік құны қымбат болғандықтан, олар импорттық тауарлармен бәсекелесе алмайды. Сол себепті кәсіпкер мемлекеттен жергілікті өндірушілерге салықтық жеңілдіктер мен субсидиялар қарастыруды сұрайды.
Айжан Абылғазинова бүгінде 32 жаста. Жолдасы екеуі екі баланы тәрбиелеп отыр. Өз кәсібін бастағысы келетін жастарға ең бастысы – сүйікті ісіңді табу керек екенін айтады.
– Ақша үшін ғана емес, жүрегің қалаған істі жасағанда ғана табыс та, өсу де, жетістік те келеді. Өзім де кезінде қаладағы ірі зауыттардың бірінде бас директордың көмекшісі болып жұмыс істедім. Бірақ декреттен кейін қайтадан «жалдамалы» жұмысқа оралғым келмеді. Себебі қазір өз қызметкерлеріме төлейтін жалақыдан аз айлық алуға дайын емес едім. Содан бастап менің миссиям айқын болды: аналардың өмірін жеңілдету, балалардың бақытты балалық шағын жасау, – дейді бизнес леди.
Павлодарлық кәсіпкердің оқиғасы – қарапайым студенттік қолөнерден басталып, кәсіби бизнеске айналған табандылықтың көрінісі. Ол қиындықтарға мойымай, өз бренді мен дүкенін қалыптастырды, жергілікті өндірушілерді қолдауды өзіне парыз санады. Оның жолы жастарға үлкен үлгі: сүйікті ісіңді тапсаң, ол тек табыс көзі ғана емес, сенің өмірлік миссияңа айналуы мүмкін.