Павлодарда тұрғын мас адамды тыныштандыру үшін «SOS» дабыл батырмасына басқан

Тәртіп сақшылары құқық бұзушының ізін суытпай ұстады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс орталығында халық көп жиналатын және демалатын орындарда полицияны шұғыл шақыруға арналған арнайы «SOS» дабыл батырмасы 20 жерге орнатылды. Құқық бұзушылықтар немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде азаматтар бұл құрылғыдағы батырманы басу арқылы Оперативтік басқару орталығының полицейімен бірден байланыса алады.
Құрылғыда орнатылған бейнекамера арқылы бейнетүсірілім жүргізіледі, ал динамиктер арқылы полиция қызметкеріне азаматпен дауыс арқылы сөйлесуге мүмкіндік береді.
Негізгі шақырулар әкімшілік құқық бұзушылықтармен байланысты – олардың ішінде тыныштықты бұзу, көшеде ішімдік ішкен адамдар, қоқыс тастау, жол жүру ережелерін бұзу және басқа да жағдайлар бар.
Бұзушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, әкімшілік шаралар қабылдануда. Жыл басынан бері «SOS» батырмасы арқылы өңір тұрғындарынан 21 өтініш түскен.
Мәселен, қала тұрғыны «SOS» түймесі арқылы көшеде ер адамның мас күйде агрессивті әрекет жасап, айналасындағыларға балағат сөздер айтып жатқанын хабарлаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында мас адам «ізін суытпай» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.
Павлодар облысының полиция департаменті өңір қонақтары мен тұрғындарын қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.