Павлодарлық университетте Академиялық жазу орталығы ашылды

Орталық білім алушылар мен оқытушыларға ағылшын тілінде академиялық жазу дағдыларын дамытуға әдістемелік және практикалық қолдау көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, орталықты ашуға Мичиган мемлекеттік университеті мен АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі қолдау көрсетті.
– Лента қию рәсіміне Мичиган мемлекеттік университетінің технология және адам дамуы саласының профессоры Дуглас К. Хартман және ToU басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Медетов қатысты. Сондай-ақ, орталықтың таныстырылымына Мичиган мемлекеттік университеті мен Индиана университетінің профессорлары және АҚШ Елшілігінің өкілдері қатысты. Бірлескен жоба аясында Мичиган мемлекеттік университетінің ғалымдары шет тілдері филологиясы кафедрасының оқытушыларына академиялық жазу саласындағы әлеуетті арттыру үшін сараптамалық қолдау көрсетті, – делінген хабарламада.
Орталықтың миссиясы – білім алушыларға, оқытушыларға және зерттеушілерге академиялық жазу дағдыларын дамытуда әдістемелік, кеңестік және практикалық қолдау көрсету. Орталықта тренингтер, воркшоптар мен жеке кеңестер ұйымдастырылып, академиялық сауаттылықты арттыру, сыни ойлауды дамыту және ғылыми жарияланымдардың сапасын жақсарту мақсат етіледі.