Бауырсақ, борщ және пита: Павлодарда «Достық дастарханы» жайылды

Бауырсақ, борщ және пита: Павлодарда «Достық дастарханы» жайылды
Фото: Рустэм Ануарбеков

Іс-шара Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында облыстық «Достық үйінде» ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жарқын әрі әсерлі «Дастархан достығы» мерекесі өңірде тұратын түрлі этностардың мәдени дәстүрлерін дәріптеуге және ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған.

Мерекенің басты мақсаты – әртүрлі этнос өкілдерін бір дастархан басына жинап, елдің бай мәдени мұрасын көрсету.

– Мұндай мерекелер қоғамдағы келісім мен өзара құрметті нығайтуға үлкен үлес қосады. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өтіп жатқан бұл шара достық пен ынтымақтың маңызын тағы бір мәрте айқындайды. Әр этностың асханасы оның тарихы мен рухани құндылықтарын бейнелейді, – деді мереке қонағы Амира Сүлейменова.

«Дастархан достығы» қонақтары әртүрлі ұлттық дәстүрлермен танысып, жаңа тағамдардан дәм татты.

Қатысушылар қазақтың дәстүрлі асханасы туралы білімдерін арнайы дайындалған викторинада көрсетті. Көрермендер атаған тағамдар қатарында бесбармақ пен бауырсақтан бөлек, қуырдақ, балқаймақ және жент болды. Сонымен қатар, олардың дайындалу тәсілдері туралы да мәлімет берілді.

Қонақжайлық – қазақ халқының ежелден келе жатқан басты қасиеттерінің бірі, үйге келген меймандарға әрдайым лайықты құрмет көрсетіліп, төрден орын берілген.

Украин асханасы қарапайымдылығымен және дәмінің қанықтығымен ерекшеленеді, ал отбасыларда әрдайым жылулық пен қонақжайлықты білдіретін үй тағамдары дайындалады. Бұл туралы Павлодардағы Т.Шевченко атындағы украин мәдениеті қоғамының өкілдері айтып берді. Негізгі тағамдардың бірі – борщ. Айта кетерлігі, жиналғандардың көпшілігі үшін ЮНЕСКО-ның борщты дайындау үдерісін украин ұлттық асханасының материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізгені жаңалық болды. Оны дайындаудың онға жуық түрі бар.

Өз асханасының дәстүрлерімен Павлодар облыстық армян этномәдени орталығы «Айреник» өкілдері бөлісті.

– Біздің ерекше әрі сан алуан асханамыз Еуропадағы ең көне аспаздық мәдениеттердің бірі болып саналады, – деді орталық төрайымы Сусанна Аракелян. – Біздің халық нан пісіруді 2500 жыл бұрын меңгерген. Қазіргі армяндар көне рецепттерді жиі қолданады.

Армян асханасы грек асханасына ұқсас. Мысалы, екі халық та толма, ірімшік және пахлава дайындайды, көкөністерді, ірімшікті және түрлі дәмдеуіштерді жиі пайдаланады.

Грек асханасының ерекшеліктерінің бірі – тұзды аз пайдаланып, оның орнына лимонға басымдық беруі. Оны сорпаларға, тұздықтарға қосып, балыққа, етке, көкөністерге және десерттерге ұсынады. Гректер питаны өте жақсы көреді, әрі қонаққа барғанда шампан мен кәмпит емес, үйде пісірілген пита апарады.

«Дастархан достығы» қонақтары ұсынылған тағамдардан дәм татып қана қоймай, олардың рецепттерін де алып, өздерінің аспаздық қоржындарын толықтырды.

Еске сала кетейік, Павлодардағы Достық үйінде 24 облыстық этномәдени бірлестіктің кеңселері орналасқан.