Павлодарда түлектер кеші қалай өтетіні белгілі болды

Павлодарда түлектер кеші қалай өтетіні белгілі болды
Фото: Константин Шелков

Мерекелік іс-шаралар бұрынғыдай мектеп қабырғасында ғана өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде биыл да «Соңғы қоңырау» мен түлектер кешін өткізу тәртібі өзгеріссіз қалды. Қалалық білім беру бөлімі бұл талаптардың бұрыннан қолданыста екенін тағы бір мәрте еске салды.

Атап айтқанда, мерекелік іс-шараларды мейрамхана, кафе және басқа да ойын-сауық орындарында өткізуге жол берілмейді. Барлық салтанатты кештер тек мектеп қабырғасында ұйымдастырылады. Мұндай талап ең алдымен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және ата-аналарға қосымша қаржылық жүктемені болдырмауға бағытталған.

– Соңғы қоңырау – бұл мектеп бітірушілер үшін ерекше, әсерлі сәт. Сондықтан ол салтанатты әрі қауіпсіз жағдайда, ата-аналарға артық қаржылық жүктеме түсірмей өтуі тиіс. Әрбір баланың мерекеге қатысуы оның отбасының материалдық жағдайына қарамастан қолжетімді және жайлы болуы маңызды. Осыған байланысты ата-аналардан мұғалімдерге сыйлық, гүл, дастарқан ұйымдастыру немесе мейрамханада тойлауға қаражат жинауға жол бермеуді сұраймыз. Барлық іс-шаралар тек мектеп қабырғасында өтеді, – деді қалалық білім беру бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Зәуреш Ахмадова.

Іс-шаралар мектеп ұжымдарының күшімен, ұстаздар, оқушылар және ата-аналар қауымдастығының қатысуымен өткізіледі. Негізгі басымдық мазмұнды, тәрбиелік мәні бар бағдарламаға беріледі.

Биыл облыста 11-сыныпты бес мыңнан астам түлек аяқтайды. Оның ішінде екі мыңнан астамы қазақ тілінде, 2622-сі орыс тілінде білім алуда. Оның ішінде 304 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болса, тағы 371 түлек үздік аттестатқа үмітті.

Мамандар ата-аналарды белгіленген талаптарға түсіністікпен қарауға шақырып отыр.