Павлодарлық университет ректоры Президент бастамаларын талдады
Ұлттық құрылтайда көтерілген жастар саясаты, білім сапасы және жас ғалымдарды қолдау мәселелері Торайғыров университеті үшін стратегиялық маңызға ие, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдағы мазмұнды баяндамасы ел дамуының стратегиялық басымдықтарын айқындады. Сонымен қатар бұл баяндама жоғары білім мен ғылым жүйесіне нақты міндеттер жүктеді. Өз пікірімен Торайғыров университетінің ректоры Нұрлан Медетов бөлісті.
– Мемлекет басшысы өз сөзінде білім, ғылым және адами капиталды дамыту ұлттық дамудың басты тіректерінің бірі екенін айрықша атап өтті. Бұл тұжырымдар Торайғыров университетінде жүзеге асырылып отырған институционалдық трансформация үдерістерімен толық үндеседі. Университет өңірлік жоғары оқу орны ретінде кадр даярлау, ғылыми зерттеулерді дамыту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді, – деді ол.
Президент өңірлердің тең дамуын қамтамасыз ету, нақты экономиканы ғылыммен ұштастыру және өндірістік-инновациялық жобаларды қолдау мәселелеріне ерекше тоқталған болатын.
– Бұл бастамалар Торайғыров университетінің өңірлік даму орталығы ретіндегі рөлін одан әрі күшейтуді талап етеді. Университеттің ғылыми мектептері мен қолданбалы зерттеулері өңірдің нақты сұраныстарына бағдарланған. Сондай-ақ стартап-жобалар Мемлекет басшысы белгілеген «ғылым – экономика – қоғам» интеграциясын іске асыруға бағытталған, – деп атап өтті ректор.
Оның сөзінше, бүгінде университет жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін дамытуға басымдық беріп отыр. Гранттық жобаларға қатысу, академиялық ұтқырлықты арттыру және интернационалдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар Президенттің интеллектуалдық ұлт қалыптастыру туралы көзқарасымен тікелей сабақтас.
– Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлік, рухани құндылықтар мен қоғамдық жауапкершілік мәселелеріне де ерекше назар аударды. Бұл ұстанымдар университеттің тәрбиелік және әлеуметтік миссиясын айқындайды. Торайғыров университеті академиялық білім берумен қатар, азаматтық жауапкершілігі жоғары, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға қалыптастыруды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады, – деді Нұрлан Медетов.
Қорытындылай келе, ректор Ұлттық құрылтайда айтылған Президент бастамалары Торайғыров университетінің даму стратегиясымен толық үйлесетінін жеткізді. Олар жоғары білім беру мен ғылымды өңірлік және ұлттық дамудың нақты құралына айналдыруға бағытталған. Алдағы уақытта университет Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағдарды іске асыруға ғылыми-зерттеу, білім беру және қоғамдық бастамалар арқылы белсенді үлес қосуын жалғастырады.