Павлодар ауданында жаңа заманауи мектеп ашылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүкіл ел бойынша апатты және үш ауысымдағы мектептердің мәселесін шешу тапсырмасын орындау мақсатында көптен күткен жаңа білім ордасы оқушыларын қарсы алуға дайын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сычевка ауылында 1975 жылы салынған спорт зал, мәжіліс залы, асханасы жоқ бір қабатты апатты жағдайдағы ғимараттың орнына жаңа білім ордасы тұрғызылды.
Заманауи үлгідегі 120 орындық мектептің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов, инвесторлар, ауыл тұрғындары қатысты. Жаңа білім ұясы 100 оқушыға арналған. Аймақ басшысы оқушыларға жақсы білім алып, үлкен жетістіктер мен табыстарға жетуге тілек білдірді.
– «Елдің ертеңгі дамуы – келешек ұрпақтың қолында» деп атап өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласында инфрақұрылымның дамуына ерекше көңіл бөледі. Президенттің бастамасымен қалалар мен ауылдарда жаңа мектептер ашылуда. Жалпы облысымызда былтыр 54 мектепті жаңғырттық. Оған қоса, толықтай жаңа үш мектеп салынды. Оның қатарында Сычевко ауылының мектебі бар, – деді Асайын Байханов.
Облыс көлемінде атқарылған ауқымды істер көп. Жыл сайын білім сапасын көтеру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытында тынбай жұмыс жасалып, жаңа білім беру нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр.
– Сычевка ауылындағы мектеп – аймағымыздағы апатты жағдайдағы ескі ғимараттардың орнына салынған үшінші мектеп. Алдағы уақытта басқа елді мекендерде мектептер мен балабақшалар салуды жалғастырамыз. Бұл балаларымыз үшін ауылда жайлы жағдай жасаудың тағы бір қадамы болмақ, – деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, облыс әкімі ERG тобының акционерлеріне де алғысын білдірді. Аталмыш нысан Eurasian Resources Group (ERG) мен Павлодар облысы әкімдігінің арасында жасалатын әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудағы әріптестік туралы меморандум аясында бой көтерген. Жобаға 1,08 миллиард теңге инвестиция құйылды.
Ауданы – 1498 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимарат заманауи жабдықтармен, STEM-зертханамен, IT, робототехника және 3D-модельдеу сыныптарымен жабдықталған, led-дисплейі бар мәжіліс залы, спорт зал, асхана және кітапхана орналасқан. Сандық микроскоптар мен виртуалды-цифрлық зертхана сатып алынды. Сондай-ақ, мектепте «Еркетай» шағын орталығы мен мектепке дейінгі білім беру орталығы ашылды.
– Біз елдің келешегі – балаларға ерекше қамқорлық жасауға талпынамыз. Олардың дені сау, барынша бақытты болғанын қалаймыз, – деді ERG директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.
Ауыл тұрғындары мектептің ашылу салтанатында жаңа мектеп көптен күткен және қуанышты оқиға екенін айтып, қуаныштарымен бөлісті.
Наргиз Күбеш