Павлодар облысында қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиада өтті
Өңірлік кезеңнің үздік оқушылары анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
15 сәуір күні «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының жұмыс жоспарына сәйкес 9–11-сынып оқушылары арасында Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі ұйымдастырылды.
– Олимпиаданың негізгі мақсаты – дарынды оқушыларды анықтау және қолдау, олардың зияткерлік әрі шығармашылық қабілеттерін дамыту, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша білімдерін тереңдету, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен дәстүрге деген құрметті қалыптастыру, – деді ұйымдастырушылар.
Білім сайысы екі кезең бойынша өтті. Бірінші турда қатысушылар эссе жазса, екінші турда ауызша тапсырмалар орындады.
Олимпиадаға Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының, аудан мектептерінің және дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының оқушылары қатысты.
Қорытындысында 20 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде І орын – үш оқушыға, ІІ орын – алты оқушыға, ІІІ орын 11 оқушыға берілді.
І дәрежелі дипломмен Май ауданы Е.Мұқашев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы Сұлужан Бейсенбаева, «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Аяулым Мұхаметхан және осы мектептің 10-сынып оқушысы Нұрхан Хасеин марапатталды.
ІІ дәрежелі дипломға «Зерде» мамандандырылған мектебінің 11-сынып оқушысы Ардана Хабдуллова ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай олимпиадалар оқушылардың білім деңгейін арттырып қана қоймай, олардың ғылыми-шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.