Павлодарда төрт мыңға жуық жүргізуші маневр ережесін бұзған
Жолдағы мұндай әрекет қауіпті жағдай туғызып, жол апатына әкелуі мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін төрт мыңға жуық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осындай фактілердің бірі Павлов көшесінде анықталды.
– Мысалы, Павлов көшесінде қоғамдық көлік жүргізушісі бұрылу кезінде тиісті бұрылыс сигналын бермеген. Жүргізушінің жеке басы анықталып, аталған құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді ведомствода.
Полиция бұрылыс сигналын уақтылы бермеу немесе жол жағдайын ескермей қайта қатарға тұру қауіпті жағдай туғызып, жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін екенін еске салды.
Маневр жасамас бұрын жүргізуші оның қауіпсіз екеніне көз жеткізіп, тиісті сигналды уақтылы беріп, жол қозғалысының басқа қатысушыларының әрекетін ескеруі қажет.