Қараусыз мал жайған Павлодар облысының тұрғыны жазаланды
Төрт қараусыз жылқы теміржолға шығып, жолаушылар пойызын шұғыл тежеуге мәжбүрледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар станциясындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері қараусыз қалған үй жануарларының теміржолдарға шығуына жол бермеу мақсатында үнемі алдын алу жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан, теміржол төсемінде малдың болуына байланысты пойыздардың шұғыл тежелу фактілері тіркелуде.
Осындай жағдай бүгін, 24 қазанда Павлодар облысының Май ауданы аумағында орын алды.
– «Көктөбе – Жұмыскер» станцияларының аралығында жолаушылар пойызы теміржол бойында жүрген төрт бас жылқыға байланысты шұғыл тежелуді қолдануға мәжбүр болды. Пойыз машинисі соқтығысты болдырмауға үлгергенімен, бұл оқиға пойыздың жоспардан тыс 37 минутқа тоқтап қалуына әкелді, – деді Май ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында малдың иесін анықтады. Ол Көктөбе ауылының 51 жастағы тұрғыны болып шықты.
Аталған факті бойынша мал иесіне Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 559-бабының 1-бөлігіне (Теміржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу) сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.