Павлодарда зейнеткерлерге жайылым мәселесі өзекті болып отыр
Павлодар облысында қарт тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтарын дамытуға жағдай жасау және ауыл маңындағы жайылым тапшылығын шешу мәселесі талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл мәселе облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы сараптамалық кеңестің отырысында көтерілді.
Павлодар облысы ардагерлер қозғалысын дамыту тұжырымдамасына сәйкес облыстық ардагерлер кеңесі жанынан сараптамалық кеңес құрылған. Оның құрамына мемлекеттік органдар мен басқармаларда еңбек өтілі бар, өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласатын беделді павлодарлықтар енді. Кеңесте мемлекеттік қызмет ардагері, облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Александр Рюмкин төрағалық етті.
Кеңестің алғашқы отырыстарының бірінде қалалар мен аудандарда саяжай шаруашылығымен және жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын ардагерлерді қолдау мәселесі қаралды.
Александр Рюмкиннің айтуынша, зейнеткерлердің жеке шаруашылықтарын қолдау мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Ардагерлер бұл туралы әкімдермен кездесулерде және есеп беру жиындарында айтып келген.
– Азық-түлік бағасы өсіп жатқан кезде өз өнімін – көкөніс пен жемісін өсіруге, жеке шаруашылығында мал ұстауға жағдай жасау керек. Бұл бір жағынан зейнеткерлердің отбасылық бюджетіне түсетін салмақты азайтса, екінші жағынан олардың белсенділігін сақтауға мүмкіндік береді, – деді Александр Рюмкин.
Оның сөзінше, жеке қосалқы шаруашылықпен негізінен егде жастағы адамдар айналысады. Сондықтан олардың мал ұстауына қажетті жағдай жасау әлеуметтік тұрғыдан да маңызды.
Соның ішінде ауылдар маңындағы жайылымдардың тапшылығы өткір мәселелердің бірі болып отыр. Александр Рюмкиннің айтуынша, бұл мәселе бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқанымен, бүгінде өзектілігін жоғалтпаған.
– Бүгінде егде жастағы адамдарға ірі шаруашылықтармен бәсекелесу қиын. Бірақ жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын адамдар да назардан тыс қалмауы керек. Өйткені бұл шаруашылықтардың басым бөлігін біздің зейнеткерлер жүргізіп отыр, – деді ол.
Бұл ретте, жеке қосалқы шаруашылық иелері бірқатар мәселеге тап болып отыр. Соның бірі мал жаю мәселесі. Мемлекеттік қызмет және ауыл шаруашылығы саласының ардагері, сараптамалық кеңес мүшесі Владимир Левченко тағы бір өзекті мәселені – ауылдық елді мекендердегі судың құнын көтерді.
– Бүгінде ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықтардың жағдайы қиын. Әрбір ауылдық округте судың бағасы өте қымбаттап кетті. Ол ауызсу ретінде пайдалануға жарайды. Бірақ тұрғындар «Малды немен суарамыз, бақшаны қалай суарамыз?» деп сұрайды. Қазір қанша жайылым жер мемлекетке қайтарылып, қайта айналымға енгізілді. Жер бар, бірақ жайылым ретінде ешкім айналыспайды. Мәселе осында, – деді Владимир Левченко.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Хамза Оразбековтің айтуынша, мал басының өсуі жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені арттырып отыр. 1 тамыздағы жағдай бойынша облыста 512 мыңнан астам ірі қара, 628 мың қой және 325 мың жылқы бар.
Өңірдегі жайылымдардың жалпы аумағы шамамен 8,2 миллион гектарды құрайды. Оның 5,1 миллион гектары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне бекітілген, 1,6 миллион гектары елді мекендердің жерінде орналасқан, ал шамамен 1,5 миллион гектары жер қорына жатады.
Басқарма басшысының айтуынша, тиімсіз пайдаланылып келген жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтару бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілген.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар жердің болуы және қолданыстағы заңнаманың болуының өзі мәселені шешпейтінін атап өтті. Ардагерлер бірлесіп нақты шешімдер іздеп, қолданыстағы нормалардың іс жүзінде орындалуына қол жеткізуді ұсынды.
Талқылау барысында негізгі мәселе ретінде қажетті тетіктер мен мемлекеттік аппараттың болғанына қарамастан, заң талаптарының жергілікті жерде әрдайым тиісті деңгейде орындала бермейтіні айтылды. Сараптамалық кеңес осы заңнама талаптары мен нақты жағдай арасындағы алшақтықты алдағы уақытта басым бағыттардың бірі ретінде қарамақ.