Ақсуда балалар жол белгілерінен емтихан тапсырды

Ақсуда балалар жол белгілерінен емтихан тапсырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қаланың ювеналды полиция инспекторы балаларға арналған интерактивті қауіпсіздік сабағын ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шараның мақсаты – жазғы демалыс кезінде жол-көлік оқиғалары мен жарақаттанудың алдын алу.

Сабақ барысында оқушыларға жол белгілері бейнеленген карточкалар көрсетіліп, олардың мағынасы сұралды. Балалардың көпшілігі «Жаяу жүргіншілер өткелі» мен «Балалар» белгілерін оңай таныған. Алайда «Велосипедпен жүруге тыйым салынады» және «Тұрғын аймақ» белгілері кейбір оқушыларға қиындық туғызған.

– Балалар негізгі жол белгілерін жақсы біледі, бірақ егжей-тегжейлерде қателеседі. Ал жолдағы қауіпсіздік көбіне дәл осындай ұсақ көрінетін жайттарға байланысты болады. Сондықтан біз скутерлер мен велосипедтер маусымы кезінде екі доңғалақты көлікке қатысты ережелерге ерекше назар аударамыз, – дейді Ақсу қаласының ювеналды полиция инспекторы Рауангүл Қуан.

Сауалнамадан кейін тәртіп сақшысы балалармен жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге қатысты негізгі жол белгілерін талқылады. Оқушыларға жаяу жүргіншілер өткелінен өтудің тәртібі, тұрғын аймақтағы қауіпсіздік талаптары және велосипедпен жүруге тыйым салынған аумақтар түсіндірілді.