Павлодарда жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі сөз болды
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік мекемелер және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері өз табыстары мен мүліктері туралы декларация тапсыруға міндетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында сөйлеген облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ержан Тоқтарханов бұл жаңалықтың мектеп, балалар бақшасы, аурухана, бір сөзбен, бюджеттік сала және жарғылық капиталында мемлекеттің үлесі бар ЖШС, АҚ қызметкерлері және олардың жұбайларына қатысты екендігін жеткізді.
Реформаның бірінші кезеңінде облыс бойынша 21 мың мемлекеттік қызметші есеп берді. Екінші кезеңде 80 адамды қамту көзделуде. Бүгінде олардың бес мыңы декларация тапсырды.
- 250-есепті таңдау керек, кейінгі жылдары есеп берушілер 270-форма бойынша декларация тапсырады, - дейді Ержан Тоқтарханов. – Жалпыға бірдей декларациялаудың мақсаты – капитал мен активтерді «көлеңкеден» шығарып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Үшінші кезеңде 2024 жылдан табысы мен мүлкін заңды тұлғалар, ал 2025 жылдан барлық жеке тұлғалар көрсетуге міндеттеледі.
Декларацияны қағаз немесе электрондық түрде тапсыруға болады. Электрондық нұсқада тапсырғысы келетіндер «e-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасы арқылы, яки egov.kz порталының көмегіне жүгіне алады. Салық органдары электрондық нұсқаны таңдауға ұсыныс айтады.
Қағаз түріндегі декларацияны 2023 жылдың 15 шілдесіне дейін, ал электрондық нұсқада 2023 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру қажет.
Есепті тапсырмаған немесе мерзімін бұзғандарға әкімшілік ескерту беріледі, екінші мәрте олар 15 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады. Декларацияны қате тапсырғандар әкімшілік ескертуден кейін, 3 АЕК айыппұлмен жазаланады.
Фото: өңірлік коммуникациялар қызметі