Павлодар облысында бюджетаралық қатынастар саласындағы проблемалық мәселелер талқыланды
Өңірде «Бюджетпен қамтамасыз етілуді теңестіру және өңірдің салық әлеуетінің өсуін ынталандыру» тақырыбында көшпелі отырыс өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Отырысқа Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Мұрат Ергешбаев және комитет мүшелері, облыс әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев, Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко,қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асқар Әмрин, қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың, қоғамдық кеңестің басшылары қатысты.
Отырыста «Бюджетпен қамтамасыз етілуді теңестіру және өңірдің салық әлеуетінің өсуін ынталандыру», «Бюджетаралық қатынастар», «Бюджетаралық қатынастар реформалары және оларды Павлодар облысында іске асыру» және «Бюджетаралық қатынастарды реформалау тәжірибесі» тақырыптарындағы баяндамалар тыңдалды.
Кеңесте қатысушылар бюджетаралық қатынастарды жетілдіру призмасы арқылы бюджеттік қамтамасыз етілуді теңестіру және өңірлерде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында салықтық әлеуеттің өсуін ынталандыру мәселелерін талқылады.
Жұмыс сапарының барысында депутаттар аймақ басшысы Асайын Байхановпен кездесті. Ол облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ақпаратпен бөлісті, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және тұрғын үй құрылысы саласындағы өсудің оң серпіні туралы айтты.
Депутаттар коммуналдық, әлеуметтік және тұрғын үй бағытындағы бірқатар объектілерге барды. Олар Екібастұз қаласында ЖЭО қазандық агрегаттарының ЖМ I және ЖМ III магистралды жылу желілерінің жөндеу жұмыстары, Павлодар қаласында «Достық» ықшамауданында жайлы мектептің құрылысымен, № 1 қалалық аурухананы қайта жаңарту барысымен танысып, кеңес қатысушылары Кенжекөл ауылдық округі жергілікті қауымдастығының өкілдерімен кездесті және жергілікті өзін-өзі басқаруды және бюджеттің IV-ші деңгейі мәселелерін талқылады.
Көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша бюджетаралық қатынастар саласындағы проблемалық мәселелер бақылауға алынды, уәкілетті органдар облыстың салық әлеуетін арттыру бойынша одан әрі жұмыс жүргізетін болады.