Павлодар облысының шаруалары өңдеу мен суармалы егіншілікке басымдық беруде
Облыс әкімі Асайын Байханов Железин ауданына жасаған жұмыс сапары барысында егіс науқанының барысы мен ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ерлан Тоқтушақов басқаратын шаруа қожалығы соңғы үш жылда ауқымын едәуір кеңейтті. Егер 2022 жылы небәрі 150 гектар жер өңделсе, бүгінде егіс алқабы 8 165 гектарға жеткен. Оның төрт мың гектардан астамына бидай, ал төрт мың гектарына күнбағыс егілген.
Ерлан Тоқтушақовтың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында өндірістік база жаңартылып, заманауи ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.
– Мемлекеттік қолдаудың арқасында техникаларымызды жаңартып, жаңа егіс кешендерін алдық. Қаңтар айынан бастап тыңайтқыштар, жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектерді сатып алуға кірістік. Биылғы көктемнің ауа райы күрделі болғанына қарамастан, бірнеше күннен кейін егіс науқанын толық аяқтаймыз, – деді Ерлан Тоқтушақов.
Сонымен қатар, шаруашылық өз май зауытын іске қосуға дайындалып жатыр. Қондырғылардың бір бөлігі орнатылған, қалған жабдықтар маусым айының басында жеткізіледі деп күтілуде.
– Жаңа өнім жиналғанға дейін кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сынақ режимінде жұмыс бастау үшін қажетті шикізат қоры дайындалды. Шілде айында зауытты іске қосамыз деп отырмыз, – деді «Ақтау» шаруа қожалығының басшысы.
Бүгінде шаруашылықта 16 адам еңбек етеді. Соңғы бір жылда қызметкерлердің жалақысы да өскен. Егер өткен жылы орташа айлық жалақы 250 мың теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш 350 мың теңгеге жеткен.
Кездесу барысында Железин ауданындағы суармалы егіншілікті дамыту мәселесі де талқыланды. «Әділхан» шаруа қожалығының жетекшісі Әсет Айткенов 500 гектар аумаққа жаңбырлатып суару қондырғыларын орнату жобасын таныстырды. Жобаның жалпы құны шамамен бір миллиард теңгені құрайды. Оның жартысы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылған.
Алайда жобаны жүзеге асырудағы негізгі мәселе – электр желілеріне қосылу. Сорғы станциясының жұмысына қосымша қуат қажет.
– Алдымен жобаның техникалық параметрлерін, желілердің ұзындығы мен қажетті қаржы көлемін нақтылау керек. Содан кейін ғана мәселені шешудің нақты жолдарын қарастыруға болады. Егер бұл инфрақұрылымды бірнеше шаруашылық пайдаланатын болса, оның тиімділігі әлдеқайда жоғары болады, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Айта кетейік, «Әділхан» шаруа қожалығының жалпы егіс алқабы 327,1 гектарды құрайды. Оның барлығы күнбағыс алқаптары. Кәсіпорында он адам жұмыс істейді.
Аграршылардың пайымдауынша, суармалы егіншілікті дамыту мал азығы мен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл өңірде мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының дамуына серпін бермек.
Еске сала кетейік, биыл Железин ауданында майлы дақылдардың егіс көлемі ұлғайды. Жалпы егіс алқабы 212 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,2 мың гектарға артқан.