Павлодарда жапондық жекпе-жектен жарыс басталды

Павлодарда жапондық жекпе-жектен жарыс басталды
Фото: автор

«Баянтау» спорт сарайында дзюдодан 2010-2011 жылы туған кіші жасөспірімдер мен қыздар арасында Қазақстан чемпионаты өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Чемпионаттың ашылу салтанатында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова чемпионатқа қатысушыларды құттықтады. Ол бұл спорттың сұлулығы мен серпінділігін атап өтті.

- Дзюдо – терең тарихы мен дәстүрі бар олимпиадалық спорт түрі, - деді ол. – Өңірімізде төрт мыңнан астам спортшы белсенді түрде айналысады. Сіздер бұл спорттың барлық сұлулығын көрсетіп, татамиде ең мықтылар жеңіске жетеді деп сенемін.

ҚР Дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Имашев спортшыларға сәттілік тілеп, турнирді тамаша ұйымдастырған облыс басшылығына, облыстық федерацияға, демеушілерге алғысын білдірді.

Мұны қатысушылардың өздері де растады. Шымкенттік команда толық құраммен келді, ал оңтүстік мегаполистің ерлер құрамасының бас бапкері Дәулет Кенбаев жалпы командалық есепте бірінші орын алудан үмітті. Сондай-ақ ол чемпионатты ұйымдастырудың жоғары деңгейін де, павлодарлық дзюдошылардың біліктілігін де атап өтті.

Ақтөбе облысының әйелдер құрамасының жаттықтырушысы Гүлмира Сағи да осындай пікірде.

- Әрине, бұл Павлодарға бірінші рет келіп отырған жоқпыз. Ұйымдастыру әрдайым жоғары деңгейде. Павлодарлық команда әдеттегідей жарысқа барынша жауапкершілікпен қарады. Бұл спорт түрінен ұлттық құрамалар жарыс қорытындысы бойынша жасақталады, сондықтан біз соңына дейін күресеміз, - деді Гүлмира Сағи.

Турнирге еліміздің 20 облысынан 700-ден астам спортшы қатысуда. Павлодар облысының атынан 45 балуан қатысты: 27 ұл және 18 қыз.

Чемпионат 18 қазанға дейін жалғасады. Кіру тегін.