Павлодарда жастар денсаулығына арналған орталық табысты жұмыс жасауда

Орталықтың басты ерекшелігі – пациенттердің дәрігермен әңгімесі құпия түрде сақталып, еш жерге таралмайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№3 қалалық емханасында орналасқан Жастар денсаулық орталығы - бүгінде аймақтың жас буынына кешенді медициналық көмек көрсетіп келе жатқан маңызды орталықтардың бірі. Мұнда 10 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға және 18 бен 29 жас аралығындағы жастарға медициналық, емдік-профилактикалық көмек, психоәлеуметтік қызметтерді және барлық медициналық қызметті ала алады.
Орталықтың ең басты артықшылығы – жастар үшін қолжетімді әрі ыңғайлы кесте. Терапевт күн сайын таңғы 08:00-ден кешкі 16:00-ге дейін қабылдайды. Гинеколог 10:00-12:00 аралығында, уролог 17:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл уақыт кестесі студенттердің сабақтан қол үзбей дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, орталықтың тағы бір ерекшелігі – облыстың бас дерматовенерологы дәл осы жерде қабылдайды. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік, себебі кез келген тері немесе жыныстық жолмен берілетін ауруларға қатысты сұрақтар жергілікті жерде шешіледі.
Жастардың дәрігерге барудағы ең үлкен кедергілерінің бірі – ыңғайсыздық пен құпиялылық мәселесі. Орталық мамандары бұл жағдайға ерекше көңіл бөледі. Жасөспірімдер гинекологқа да, урологқа да, психологқа да еш қысылмай келе алады. Қабылдау құпия түрде жүргізіледі.
– Жастар кейде ата-анасына бәрін бірден айта бермейді. Біз оларды тыңдап, дұрыс жол көрсетеміз. Бұл сенім – біздің ең басты жетістігіміз, – дейді №3 қалалық емханасының облыстық жедел және шұғыл медицина көмек станциясының басшысы Алмас Кажинов.
Орталықтың ашылуы учаскелік дәрігерлердің жұмысын да жеңілдеткен. Мамандардың айтуынша, бұл бастама жалпы емханалардағы жүктемені шамамен 20 пайызға азайтқан. Себебі жастар тікелей осы орталыққа жүгінеді де, ұзақ кезектерде тұрмайды.
Тіркеуші барлық келушілерді қабылдап, дәрігерлерге жазылуды жеңілдетеді. Оның айтуынша, күніне 15-20 адам хабарласады, ал оқу жылы басталған кезде бұл көрсеткіш 50-60-қа дейін жетеді.
Жастар денсаулық орталығы тек қабылдаумен ғана шектелмейді. Дәрігерлердің айтуынша, олар айына екі реттен артық мектептер мен колледждерге барып, түрлі тақырыпта дәрістер оқиды. Ерте жүктіліктің алдын алу, аборттың зияны, инфекциялар, вакцинация жайлы ашық әңгімелер ұйымдастырылады.
– Соңғы жылдары адам папиллома вирусына қарсы вакцинация мәселесі де белсенді талқылануда. Дәрігерлер ата-аналармен арнайы кездесулер өткізіп, бұл екпенің маңызын түсіндіреді. Кейде түсіндіру жұмыстары қиынға соққанымен, мамандардың айтуынша, сенімді ақпарат алған ата-аналардың көбі оң көзқарас білдіреді, – деді облыстық №3 қалалық емханасының әйелдер консультациясының меңгерушісі Альфия Ибраева.
Қазіргі жастардың ақпаратты негізінен әлеуметтік желіден алатынын ескерген орталық дәрігерлері Instagram арқылы да кеңес беруді қолға алған. Бүгінде 17 мыңнан астам жазылушысы бар парақшада мамандар үнемі пайдалы кеңестер жариялап тұрады.
– Қазір жастар теледидардан гөрі әлеуметтік желіні көбірек қарайды. Сондықтан біз оларға сол жақтан жетуді жөн көрдік, – дейді орталық қызметкерлері.
Жастар денсаулық орталығы ата-аналармен ғана емес, мұғалімдермен, мектеп директорларымен, тіпті «Әкелер қоғамымен» де бірлесе жұмыс істейді. Бұл қоғам мүшелері мектептерге барып, жасөспірімдерге өз өмірлік тәжірибесін айтып, дұрыс бағыт таңдауға үлес қосып жүр.
– Біз жастарға тек медициналық көмек қана көрсетпейміз. Басты мақсатымыз – олардың бойында жауапкершілік пен дұрыс көзқарас қалыптастыру, – дейді Алмас Кажинов.
Алдағы уақытта орталық мектеп пен колледж оқушыларын ғана емес, жоғары оқу орындарының студенттерін де кеңірек қамтуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, дәрігерлер ауыл мектептеріне жиі шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді көздеп отыр.
– Бұл орталықтың басты құндылығы – жастарды тыңдай білу. Қазірдің өзінде бұл бастама жүздеген жасқа көмек болды. Ең маңыздысы – олардың денсаулығы мен болашағы, – дейді орталықтың жетекшісі.
Жастар денсаулық орталығы – тек дәрігерлер отыратын кабинет емес. Бұл – жасөспірімдер үшін еркін орта. Мұнда олар қысылмай сұрақ қойып, нақты жауап алады.