Павлодарда жаяу жүргіншіні өткізбеген жүргізуші жауапқа тартылды
Өңірде «Назар аударыңыз, балалар!» жедел алдын алу іс-шарасының қортындысын шығарылды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, рейдтердің қорытындысы бойынша тәртіп сақшылары 4 мыңға жуық жол қозғалысы ережесін бұзу фактісін анықтады.
– Павлодарда «Тойота» автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншіні өткізбегені үшін ҚР ӘҚБтК 600-бабы 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Екібастұз қаласында қиылыстан өту ережесін бұзған 18 жастағы жүргізуші басқарған «ВАЗ» автокөлігі тоқтатылды. Құқық бұзушыға қатысты ӘҚБтК-нің 594-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Айта кетерлігі, жол қиылысында ережелерді бұзған 402 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, қауіпсіздік белдіктері мен балаларды ұстау құрылғыларын пайдалану ережелерін елемеген 463, жаяу жүргіншілерді өткізбеген 283 жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.