Ақсуда жолақы бағасы қымбаттайды
26 қазаннан бастап қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеудің сараланатын тарифі енгізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласы әкімдігінің мәліметінше, қалалық мәслихаттың келісімі бойынша қолма-қол есеп айырысу үшін жол жүру құны – 200 теңге, электрондық төлем кезінде – 100 теңге (бұған дейін 80 теңге болған).
– Бекітілген бірыңғай тариф құнының 50%-ын төлейтін жасы бойынша зейнеткерлер үшін қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеу 50 теңгені, қолма-қол ақшамен төлеу кезінде 100 теңгені құрайды, – деп жазылған хабарламада.
Қолма-қол ақшасыз төлемді бірнеше жолмен аударуға болады: арнайы көлік картасы, ұялы телефоннан «Смарт Автобус» қосымшасы арқылы, сондай-ақ, Kaspi QR көмегімен.
Еске сала кетейік, Екібастұз қаласында 9 қыркүйектен бастап қоғамдық көлік жаңа тарифпен жүретін болады. Енді жолаушылар қолма-қол тәсілімен 130 теңгенің орнына 200 теңге төлейді. Ал электронды төлем бұрын 80 теңге болса, қазір – 100 теңге.