Павлодарда үш аймақтың ансамблі бірігіп өнер көрсетеді

Павлодарда үш аймақтың ансамблі бірігіп өнер көрсетеді

Концерт  Халықаралық би күніне орай Естай атындағы мәдениет сарайында болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

 «Жібек жолы» хореографиялық жобасы аясында павлодарлық «Нұр» би ансамблі, Шымкент қалалық мәдениет үйінің  «Қазына» және Өскемен қаласы «Ертіс-концерт» мәдениет үйінің  «Алтай»  ансамбльдері бірлескен концерт өткізеді. 

—  Шығармашылық ұжымдардың әртістері тәжірибе алмасып қана қоймай, сүйікті көрермендеріне хореографиялық өнердің әдемілік пен шеберлігі үйлескен естен кетпес мерекелік кеш тарту етеді, — деп түсіндірді облыстық филармонияда.

 «Қазына» фольклорлық-этнографиялық аспаптық ансамблі 1986 жылы Шымкент педагогикалық Әл-Фараби атындағы мәдениет институтының базасында, «Алтай» халық би ансамблі 2020 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бастамасымен ШҚО мәдениет басқармасының «Ертіс концерт» КМҚК жанынан құрылды. Ұжым 30 әртістен тұрады.

«Нұр», «Қазына» би ансамбльдері және «Алтай» халық би ансамблі — кәсіби ұжымдар арасындағы республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары. Ұжымдардың репертуарында халық билері мен заманауи стильдегі қойылымдар бар. 

Концерт 14 сәуір күні сағат 19:00 басталады. Ал 15 сәуір күні сағат 19:00-де Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының концерттік залында Шымкент қаласынан келген ансамбль өзінің жеке концерттерін ұсынады. 

Естеріңізге сала кетейік, жақында «Нұр» ансамблі Астанада өткен Шара Жиенқұлова атындағы VI республикалық би орындаушыларының байқауында үшінші орынды иеленген болатын.