Асайын Байханов: Веселая роща «Ең жасыл ауыл» атағын ала алады
Павлодар облысының әкімі ауылдағы «Астык-ПВ» ЖШС тауарлы сүт фермасының жұмысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың Железин ауданына жұмыс сапары барысында Веселая роща ауылындағы «Астык-ПВ» ЖШС тауарлы сүт фермасының жұмысы көрсетілді.
«Астык-ПВ» ЖШС мал шаруашылығымен, өсімдік және көкөніс өсірумен айналысады. Оның ішінде картоп, сәбіз, жүгері, жасымық, арпа, зығыр, қыша өсіреді.
Аталған ауылда ЖШС-ның 600 бас ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасы орналасқан. Ферма 2022 жылы салынған. Инвестициялық жобаның жалпы құны – 2,8 млрд теңге.
– Фермамызда бавариялық, австриялық, чехиялық симментал тұқымды сиырлар бар. Оның ішінде 544 сиыр сауылады. Бір бастан күніне 27 литрге жуық сүт шығады. Сауынды сиырлар санын 600-ге жеткіземіз. Одан көп ұстауға ферманың ғимараты кішірек болып тұр. Ғимаратта барлық жағдай жасалған. Желдету жүйесі бар, – деді «Астык-ПВ» ЖШС директорының орынбасары Евгений Енин.
Облыс әкімі осындай кәсіпорындар жұмыс істеп, жұмыс орындарын ашатын болса, жалақысын тұрақты төлесе, ауылдағы халық саны өспесе, азаймайтынын атап өтті.
– Егер халық саны өссе, ауылдың болашағы бар деген сөз. Ауылға осындай жеке инвестициялық қаржылар құйылса, бюджеттік қаржы да осында келеді. Жолдар салынып, әлеуметтік нысандар жөнделіп, мектептер мен мәдениет үйлерінің материалдық базасы жаңарады. Бұл ауылда жөнделмеген тек мектеп қана қалған болатын. Сәйкесінше, біз үнемдеуден қалған қаржыны сол жөндеуге бағыттадық, – деді Асайын Байханов.
Сондай-ақ облыс әкімі ферманы ашқан кәсіпорынның жасап отырғаны жұмысы ұнайтынын айтты. Ферма жұмыскерлерін баспанамен қамтуды қолға алған.
– Дегенмен, сіздерде 180 жұмысшы болса, 10-15 үй деген көп емес. Осы бағытта жұмысты күшейту керек. Жыл сайын жалақыны қосып отыратындарыңыз өздеріңізге жақсы болған. Менің білуімше, сіздер ауылдың, жолдардың санитарлық тазалығына көмектесіп тұрасыздар. Бұл – мақтарлықтай жұмыс, – деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы ауылды жасылдандыруды ұсынды. Жылына мыңдап емес, 50-100 ағаштан отырғызуға болатынын айтты.
– Себебі, тыңайтқыш өз қолдарыңызда бар. Әр тұрғынды осы жұмысқа тартып, «ең жасыл ауыл» атағын алуға болады, – деді Асайын Байханов.
Айта кетейік, биыл Веселая роща ауылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енген. Бағдарлама аясында ауылдағы мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Оған 182 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ ауыл көшелеріне асфальт төселеді.