Павлодарда ұландықтар жаңа оқу кезеңін бастады

Павлодарда ұландықтар жаңа оқу кезеңін бастады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаңа маусымға аяқ баспас бұрын ұландықтар өткен жылға қысқаша шолу  жасап, сондай-ақ биылға арналған жүйелі жоспарларын ортаға салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұлттық ұланның Павлодар қаласындағы 6679 және 5512  әскери бөлімдерінде  қысқы оқу кезеңі басталды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінде өткен іс-шарада бөлім командирі подполковник Арман Пернеқұлов офицерлерге  мемлекеттік-құқықтық дайындық  сабақтарын өткізді.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, «Біздің қарулы күштеріміз –мемлекетіміздің мызғымас тірегі». Сондықтан  біздің басты міндетіміз – ел тұтастығын сақтап, 130  ұлт өкілдері мекен ететін зайырлы еліміздің ынтымағын нығайту, –  деді әскери бөлім командирі.

Жаңа оқу кезеңін  6679 әскери бөлімі де салтанатты түрде қарсы алды. Саптық алаңда сап түзеген ұландықтар қару-жарақ пен әскери техниканы, сондай-ақ әскери мүліктерді дұрыс қолдану, кез келген міндеттерді атқару кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау бойынша тәжірибелік сабақтарға тарасты. Жаңа оқу жылында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жауынгерлер алдында атқарылар бірқатар жауапты міндеттер тұр.