Орамалдар, көзілдірік: Павлодарлық стилист сәнді киінудің сырларымен бөлісті
Олар – үйлесімділік, монохромды палитра, текстураның әртүрлілігі, классика және аксессуарлар жиынтығы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында стилистика бойынша «Негізгі гардероб. Сыртқы киіммен қалай дұрыс әсер қалдыруға болады» атты шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Аталмыш іс-шарада спикер, стилист Динара Абилдинова сәнқой мінсіз керемет киім үлгілерін жасаудың құпияларымен бөлісіп, қатысушылардың жеке тұлғасын ерекшелеп, гардероб элементтерін үйлесімді етіп киінуді үйретті.
Ол гардеробты талдаумен, шоппинг-сүйемелдеумен айналысады. Сондай-ақ, киім дүкендерімен бірлесе отыра жұмыс жасап, стиль бойынша кез келген басқа қызмет түрлерін ұсынады.
– Негізгі гардероб – барлық уақытта өзекті болып қалатын киімдер жиынтығы. Классикалық, романтикалық, коктейльдік және кеңсе, сән киімдерін жасауды осы негізден бастаймыз, – дейді стилист.
Оның айтуынша, қара көйлек, джинсы, ақ жейде, белдемше, куртка, жемпір, тренч, кроссовка, етік (челси) – сән трендтерінің өзгеруіне қарамастан дәлелденген классика ретінде қалады.
Егер адам ақ, қара, сұр, қоңыр немесе джинсы сияқты трендтегі реңктерді ұнатпаса, басқа түстерді таңдай алады.
– Қарапайым қара белдемше сіздің гардеробыңызда ұзақ уақыт сақталады. Сонымен қатар, аталмыш киім үлгілері сәннен шығып қана қоймай, бір-бірімен тамаша үйлеседі. Не киеріңізді білмей, ойлануға уақыт болмаған кезде негізгі гардероб арқылы стильді киім үлгісін жинай аласыз, – дейді ол.
Қолда сан алуан аяқ киім үлгілері мен аксессуарлардың көптеген нұсқалары барда күн сайын әртүрлі көріністер жасауға болады.
Спикердің сөзінше, негізгі киім үлгілері нақты стилі жоқ киімдерден тұрады.
Мысалы, сәнді үлкен блузканың орнына ақ жейде киюге болады. Сондай-ақ, стилист аксессуарлардың рөлі маңызды екенін атап көрсетеді. Бүгінде орамалдар, көзілдірік және телефон қаптары трендте екенін атап өтті. Батыс елдері трендтер жасайды.
– Отандық трендімізді орнатқанға дейін біз оларға бейімделеміз. Мен өз жұмысымды жақсы көремін және қыздарға өздерін жақсы сезінуге, әдемі көрінуге көмектескенді ұнатамын. Менің сыртқы келбетім қандай эксперт-стилист маманы екенімді көрсетеді. Адамның қандай екенін сыртқы келбеті мен киім кию үлгісінен де байқауға болады, – дейді спикер.
Шеберлік сағатына қатысушылар киім үлгілерін бірлесіп талдап, суреттерді салыстырды.