Асайын Байханов: «Өңірде болып жатқан барлық жағдайларға жауаптымын»

Асайын Байханов: «Өңірде болып жатқан барлық жағдайларға жауаптымын»
Фото: Валерий Бугаев

Облыс әкімі соңғы уақытта күн тәртібінде тұрған зорлық мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Аймақ басшысының айтуынша, былтырғы және биылғы жылдың балалар мен жасөспірімдерге қатысты жасалып жатқан зорлық фактілерінің көрсеткішінің өсімі жоқ. 2023 жылы 30 оқиға болса, биыл да соншама факті тіркелді.  

– Кез келген зорлық-зомбылық, әсіресе балаларға қатысты болса, ащы және азапты сезімді тудырады. Мен төрт баланың әкесі ретінде әр апта сайын егжей-тегжейлі мәліметтермен осындай жаңалықтарды естігенде, басқа адамдар сияқты күйзеліске ұшыраймын, – деді Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз конференциясында. 

Оның сөзінше, бір жыл бұрын Бесқауға ауылында Милана Давыдовамен болған қайғылы оқиғадан кейін кеңейтілген мәжіліс өткізілді. Ата-аналар, қоғамның белсенділері, БАҚ өкілдері, білім саласының ардагерлері қатысқан кеңесте лауазымды тұлғаларға қатысты өте қатаң шаралар қабылданды. Сол кезде әр мектеп бойынша осындай тәуекелі бар отбасыларды анықтау, балалармен педагогтар, психологтар мен директорлар тығыз жұмысты қолға алу мәселелері көтерілді.

– Биылғы 30 оқиғаның ішінде тең жартысы – 2017, 2018, 2019, 2020 жылдары болған жағдайлар. Қазіргі ұмтылысымыз – бұл балалар сөйлесуден қорықпайтындай және олармен мүмкіндігінше жұмыс істеуге тырысатын барлық жағдайлар жасау, – деді Асайын Байханов.

Облыс әкімінің айтуынша, Миланамен болған жағдайдан кейін 573 қолайсыз отбасында 1362 бала ерекше бақылауға алынды.

– Бұл жағдайлардың барлығы мұқият тергеуді қажет етеді. Соңғы оқиғалар бойынша процессуалдық шешімдер жоқ. Мен әр жағдайды жеке бақылаймын. Күн сайын құқық қорғау органдарымен, оның ішінде қадағалау органы мен полиция департаментінің басшылығымен байланыстамын. Жағдайлар бойынша біз ата-аналарға қатысты тиісті шаралар қабылдайтын боламыз. Біз мемлекеттік қызметкерлер ретінде, мен аймақ басшысы ретінде жауапкершіліктен қашпаймын. Мен аймақта болып жатқан барлық нәрсеге, соның ішінде үйде болса да, толығымен жауап беремін. Бұл – менің жауапкершілігім, – деді Асайын Байханов.

Еске сала кетейік, жуырда Майқайың кентінде кәмелетке толмағандарға қатысты үш зорлық фактісі тіркелді. Ал Железин ауданында 16 жастағы асыранды қызды зорлаған күдікті өзіне қол жұмсады.