Павлодарлық құтқарушылар Абай облысындағы орман өртін сөндіруге аттанды
Өңірден 11 құтқарушы мен үш өрт сөндіру техникасы жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысынан Абай облысының Бородулиха ауданында шыққан орман өртін сөндіруге көмек көрсету үшін төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жіберілді.
Жасақ құрамына Павлодар облысы ТЖД өрт сөндіру бөлімдерінің 11 қызметкері мен үш өрт сөндіру автоцистернасы кірді.
Қазіргі уақытта өрт аумағында солтүстік-батыстан секундына 4 метр, екпіні 8 метрге дейін жететін жел соғып тұр. Ауа температурасы 34 градус.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өртті сөндіруге «Семей орманы» мемлекеттік орман резерватының 86 қызметкері, 31 техника, су төгу құрылғыларымен жабдықталған «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының екі тікұшағы, Төтенше жағдайлар министрлігінің 38 қызметкері мен 10 техникасы, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің Ми-8 тікұшағы жұмылдырылған.
– «Қазавиаорманқорғау» тікұшақтары осы уақытқа дейін өрт ошағына 24 рет су төккен. Сонымен қатар оқиға орнына қосымша күштер мен техника жіберілуде, – деді министрліктің мамандары.
Өрттің таралу қаупіне байланысты «DosbolLike» балалар лагерінен 164 бала мен 19 қызметкер қауіпсіз жерге көшірілді. Сондай-ақ Камышенка ауылының шетіндегі 20 үйдің тұрғындары эвакуацияланды.
Қазір орман өртін оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай жауапты қызметтердің тұрақты бақылауында.