Павлодарда есірткі жарнамасы бар граффити жазулар жойылды

Павлодарда есірткі жарнамасы бар  граффити жазулар жойылды
Фото pixabay.com\ ShonEjai

Тұрғындар АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мамандарынан кеңес алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ертіс жағалауындағы төменгі жағында Халықаралық есірткі заттарын теріс пайдалану және олардың заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай «Есірткісіз болашаққа!» атты есірткіге қарсы акция өтті.

Акцияны облыстық полиция департаменті, «New vision team» ҚҚ өңірлік ақпарат және қоғамдық даму басқармасы, қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Жасыл ел» құрылыс және жастар отрядтарының өңірлік штабы ұйымдастырды.

Орталық жағалауда тақырыптық алаңдар ұйымдастырылып, қонақтар мен қатысушылар республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының, облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мамандарынан кеңес алды, сондай-ақ, спорттық және зияткерлік сайыстарға қатысты. Өңірлік психикалық денсаулық орталығының психологтары өзін-өзі қорғау және тәуелділіктің алдын алу жолдары туралы әңгімеледі.

Шара барысында жаппай жеңіл атлетикалық жүгіру, жағажай футболы бойынша турнир, зияткерлік квест-эстафета және «Арманыңмен өмір сүр, есірткімен емес!» ұранымен жадынамалар таратылған стрит-акция өтті.

«Жастар рухы» партиясы жастар қанатының еріктілері мен республикалық психикалық денсаулық орталығының өкілдері есірткі жарнамасы бар граффитиді жою жұмыстарын жүргізді.

– Мұндай ауқымды акцияларды өткізу жастардың есірткісіз өмір мен денсаулыққа саналы көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Шараға еріктілер, оқушылар, шығармашылық ұжымдар және түрлі қызмет өкілдері белсенді қатысатыны ерекше құнды, – деді ҚР ІІМ есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесінің мүшесі Ризат Рахымжанов.

Іс-шара «Ertis Promenade» сахнасында өткен мерекелік концертпен аяқталды, онда бейнероликтер, спорттық жарыстар мен суреттер байқауларының жеңімпаздарына қала әкімінің естелік сыйлықтары мен сертификаты табысталды.

Айта кетейік, акция барысында кинологиялық қызметтің Блонди есімді қызметтік итін бес жасқа толуына орай құттықтады. Бірқатар есірткі қылмыстарын ашуда ерекшеленген төрт аяқты көмекшіні қатысушылар мен қонақтар қошеметпен қарсы алып, балалар естелікке суретке түсті.