Майқайың кенішінде құтқарушылардың өміріне қауіп төніп тұр

Майқайың кенішінде құтқарушылардың өміріне қауіп төніп тұр
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

Апат болған жерде опырылған аймақтың периметрі бойынша жер жырығы  пайда болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше,  «Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы  экскаваторлар топырақ пен тау жыныстарын қайта экскавациялауды жалғастыруда. Өткен күні солтүстік беткей бойынша экскаваторлармен шамамен 25 текше метр көлемінде топырақты қайта экскавациялау жүргізілді. 

–  «Майқайыңалтын» АҚ аумағында опырылған аймақтың периметрі бойынша жер жырығы  пайда болды. Топырақтың мұндай жағдайы өте қауіпті.  Бұған дейін кішігірім жарықтар пайда болған кезде опырылу қаупі болатын, – дейді департаментте. 

Сонымен қатар, магнитометрмен және геосканермен топырақты зерттеу кезінде «GRP Ridder grupp» ЖШС мамандары ізделетін объектінің орналасқан жерінде сәтсіздікке ұшырау ықтималдығы жоғары деген қорытынды берді.  Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде тұрақтылықтың бұзылуы мүмкін. Яғни, шұңқырдың қабырғаларының опырылып кету ықтималдығы жоғары, өйткені байқалған жыныстар  үгітілген қыртыстың сынық фракцияларынан тұрады. Сондай-ақ, нөлден төмен температура мен қатты боран жұмысты қиындатуда.  Мұның бәрі құтқарушылардың өміріне қауіп төндіреді. 

«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды ұйымдастыру және оларға басшылық жасау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жоюға тартылған күштер мен құралдарға басшылық жасау, олардың өзара іс-қимылын ұйымдастыруды төтенше жағдайды жою басшысы жүзеге асырады. Атап айтқанда, «Майқайыңалтын» АҚ аумағында авариялық-құтқару жұмыстарын кеніш басшылығы басқарады.

Авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу мүмкін болмаған жағдайда төтенше жағдайды жою басшысы бірінші кезекте төтенше жағдай аймағындағы адамдарды құтқару бойынша барлық мүмкін шараларды қабылдай отырып, аталған жұмыстарды тұтастай немесе олардың бір бөлігін тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға құқылы.

Қазіргі уақытта бұл мәселе қаралуда.