Павлодарда әскери бөлімнің құрылғанына 57 жыл толды
Мерейлі мерекеге орай әскери бөлімде салтанатты іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 6679 әскери бөлімінің іргетасы 1967 жылдың 29 шілдесінде қаланған. Құрылғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған әскери бөлім Павлодар қаласындағы түзеу мекемелерінің қауіпсіздігіне жауапты.
Әскери бөлімнің құрылған күнін атап өтеуге ардагерлер қауымы, сондай-ақ өзара іс-қимыл жасаушы органдарының өкілдері қатысты.
– Бүгін мен үшін есте қаларлық ерекше сәт! Өйткені, 57 жыл аз уақыт емес. Әскери бөліміміз тарих еншісінде қалған тәуелсіздік алғанға дейінгі жылдарда және тәуелсіздік алғаннан бастап қазіргі уақытқа дейін мемлекетімізбен бірге марқая есейіп, құқықтық тәртіп әскерінің даму жолында сүбелі үлес қосып келеді. Бөлімнің жеке құрамын бүгінгі мерекемен құттықтай отыра, әрі қарай табысты еңбек тілеймін!, – дейді әскери бөлім командирі подполковник Аманжол Әйтенов.
Салтанатты жиында әскери қызметтегі кәсіби шеберлігі үшін бір топ әскери қызметші Алғыс хат табысталып, ұзақ жыл елеулі еңбек етіп жүрген қызметкерлерге сый-құрмет көрсетілді.
Мерекелік кештің соңы әскери бөлім өнерпаздарының концертіне ұласты. Жүктелген тапсырманы жоғары деңгейде орындаумен көзге түсетін әскери бөлімнің жеке құрамы Отан алдындағы борышын қалтқысыз абыроймен атқарып келеді.