Павлодарлық ұстаз жеке брендімен киімдер коллекциясын шығарады
Оның негізгі мамандығы – суретші, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әсел Бекжігіт № 41 дене шынықтыру және сауықтыру бағытындағы жалпы орта білім беру мектебінде «көркем еңбек» пәнінің мұғалімі болып істейді. Ол бүгінгі таңда ұлттық нақыштағы киімдер тігіп, өзінің жеке брендін қалыптастырған. Шебер бұл өнерді бірнеше жыл бұрын қолға алғанын айтады.
– Бұл іс декреттік демалыс кезінде, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын балабақшадағы балаларыма қажетті мерекелік киімдер тігіп көруден басталды. Негізгі мамандығым – суретші. Ал коллекция ашуыма киімге деген сұраныс себеп болды, – дейді Әсел Бекжігіт.
Бүгінгі таңда ұлттық киімді насихаттап жүрген тігіншінің шәкірттері де бар.
– Осы қолөнер жұмыстарымды дамытуға мектеп бағдарламасының тигізген әсері мол, себебі бағдарламада ас үй жабдықтары, сәндік бұйымдар мен киім үлгілері кіргізілген. Сабақ барысында жоғары сынып оқушылары да үйренуге құлшыныс танытуда. Өткен жылдары осы тігін дизайн саласына оқуға түскен қыздарымыз да бар, – дейді ол.
Оның айтуынша, білім ордасының ішінде ұлттық өнерді насихаттауға мектеп директоры да өз үлесін қосуда.
– Аздап талабымның барын байқаған мектебіміздің басшысы Нұргүл Шампатқызына алғысым шексіз. Себебі, оқушылардан бөлек, жас мамандарды қолдауда үлкен септігін тигізіп, менің жеке логотипім мен брендімнің қалыптасып, дамуына мол ықпалын тигізді. Әрдайым бұйымдарымды қалалық, облыстың байқауларға шығарып отырады, – дейді спикер.
Айта кету керек, Әсел Бекжігіттің коллекциясында ұлттық нақыштағы қол дорбалар мен тақиялар, шапандар мен дастархандар жинақталған.