Павлодарлық тарихшы: Аналар өңіржиекті «зұлым күштерден» қорғану үшін таққан

Павлодарлық тарихшы: Аналар өңіржиекті «зұлым күштерден» қорғану үшін таққан
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

@Pavlodarnews.kz кеуде тұсында салбырап түсіп тұратын өңіржиек әшекейінің тағу сырын анықтап, білді. 

Қазіргі уақытта да сәнін жоғалтпаған қазақтың әшекейлерінің біріне өңіржиек жатады. Павлодар облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музей қорларының бас сақтаушысы, тарихшы Әлия Жомартованың сөзінше, бұрындары әйелдер оны жасына және мәртебесіне қарай таққан. 

– Өңіржиек –  мойынға тағылып, кеудеге салбырап түсіп тұратын әшекей алқа. Бұйымды көне заманда қыз ұзатылып, тұрмыс құрып, ана атанған кезде таққан еді. Сәндік мақсаттан бөлек, өңіржиектің негізгі нышандық қызметі, ең алдымен, әйелдің омырауын «зұлым күштердің» әсерінен қорғау болып табылады,– деді Әлия Жомартова.

Бұл әшекей әртүрлі пішіндегі алқалары бар шынжырлармен бір-біріне тігінен бекітілген қуыс тіктөртбұрышты тақталардан тұрады. Өңіржиекте бірнеше деңгейлі төменге қарай салбырап тұратын тақталар  бір-бірімен күміс шынжыр арқылы байланысады. Олар күміспен қақталып, іші қуыс етіп жасалатын. Қуысына ақ балшық толтырылады. Әр тақтаның таспен көмкеріліп, бетіне өрнек түсіріледі. Ең төменгі тақтасына күміс салпыншақтар тізіледі. Қазақта әйелді салпыншақтардың сыңғырлаған дыбысы тіл-көзден сақтайды деген наным-сенім сақталған.

– Көптеген этнографтарда өңіржиек емізулі ананың кеудесін қорғаудың ерекше мәртебесін көрсетеді деген пікір қалыптасқан. Егер әйел жүкті болса, онда адамның назары құрсағына емес, оның әшекейіне түссе, сұқ көзден сақтайды деген сенім болған, – деді Әлия Жомартова.

Оның сөзінше, әшекейді әйелдер баланы дүниеге әкелуге қабілетті жасына дейін ғана таққан. Ал әже атанған шағында өңіржиектің төменгі жақтары алынып, бір төртбұрыштысын ғана алқа ретінде тағып жүрген.

– Жалпы сақ тайпасы өмір сүрген кезеңде әйелдер ер адамдармен қатар соғысқа шыққан. Олар да сауыт-сайман киіп, жерін қорғаған. Өңіржиек сауыттың жаңғырығы ретінде сақталып қалған әшекей деп айтуға болады, – деді тарихшы. 

Павлодар облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музей қорында астаналық зергер Берік Әлібайдың жасаған күміс өңіржиегі сақтаулы тұр.