Екі метрлік жылқы: Павлодарда ұлттық қолөнер шеберлігі қалай дамып келеді?
Облыста қолданбалы өнерді жаңғыртумен айналысып жатқан қолөнерші Дәуірбек Жақсылық @Pavlodarnews.kz тілшісіне ине мен жіпті қалай серік еткенін баяндап берді.
М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында жиырма жылға жуық «Сырмақ» қолөнер үйірмесі жұмыс істейді. 2006 жылы үйірменің тізгінін Баянауылдағы Б. Хайдаров атындағы орта мектепте технология пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған Дәуірбек Жақсылық алды. Ол ұстаздық жолды шығармашылыққа алмастырып, бүгінде талай қыз балаларды шеберлікке үйретіп жүр.
– 40 жылға тақау мұғалім болып жұмыс істедім. Ал енді Оқушылар сарайында 17 жылдай істеп келе жатырмын. Қыздарға ши тоқу, ши орау, жүнді түту, иіру, құрақ құрау, кесте тігу, ою-өрнекті ою тәсілдері және алаша тоқуды көрсетіп, үйретемін,– деді Дәуірбек Жақсылық.
Оның сөзінше, үйірмеде қолөнершіліктің бірнеше кезеңі бойынша оқыту өтеді. Ол оқушыларды ұлттық қолөнерді қамтитын авторлық бағадарлама бойынша тігу мен тоқуға үйретеді.
– Ең алғаш келген балаларға бірден қиын жұмыстарды жасатпаймын. Себебі, ол оңай емес. Басында олар жіппен бейнелеуді үйренеді. Яғни, картонды инемен теседі. Олар картонға сызып, жіппен кіргізіп, сурет жасайды. Бұл балалар үшін қызықты және инені алғаш ұстап үйрету үшін пайдалы,– деді Дәуірбек Жақсылық.
Қолөнерші қыздар ине жіпті ұстап үйренгеннен кейін әрі қарай қабілеттеріне қарай қиын жұмыстарды беріп отырады.
– Бағдарламада «осында тұр, мынаны істеңдер» деп қатып қалған қағида жоқ. Балаға қызықты болмаса, оған мынаны істе десе, олар келмей қояды. Сабақтан кейін шаршап келген балаға неғұрлым өзін қызықтыратын, ұнайтын жұмысты беруге тырысамын. Әрі қарай дағдыланып, жылдан-жылға маманданады, – деп түсіндірді ол.
Көп тәжірибе алған қыздар үлкен жұмыстарды арқалап, облыстық, республикалық көрмелерге қатысады. Алайда жаңадан келген оқушыларға бірден көлемді жұмыстар берілмейді. Олар бір-екі жылдан кейін шабыттанып, өздері ұлттық нақыштағы жұмыстарға қызығады.
– Эскизінен бастап барлығын жеке жасайды. Әрине, көмек қажет болған кезде қол ұшын созып, қателерді түзетеміз. Қыздарым өздері қызығып, тезірек бітіргісі келіп отырады. Олардың ата-аналары маған «балаларымыз сіздің үйірмеңізден келгенде, көзі жайнап оралады» айтады,– дейді Дәуірбек Жақсылық.
Кейбір қыздар Оқушылар сарайына бармай, үйден жұмыстарын алып кетіп, жалғастыра береді. Сұрақтары болып жатса, Дәуірбек Жақсылықпен ақылдасып тұрады. Жалпы олар түрлі маталардан ойыншықтар, телефонның қаптамасын, шашқа қыстырғыштар, сөмкелер, тақия, сәукеле, көрпеше, бөстектер тігеді. Ою-өрнектердің түрлерін қиып, моншақтармен әшекелейді.
– Киіз басуды осы заманға сай етіп картиналарды жасаймыз. Киіз басудың да екі түрі бар: құрғақ, сулап басу. Бүгінде киізді инемен басады. Ал ең қиын жұмыстарға – ши орауды жатқызуға болады. Уақыты, көлемі жағынан өте күрделі. Бір жұмыс жарты жылға, кейде бір-екі жылға дейін созылып кетуі мүмкін,– деді ол.
Дәуірбек Жақсылық әр күзде Семейге баратын тас жолдың бойында өсетін шиді жинап, кептіріп, алдағы жұмыстарға қолдану үшін дайындап алады. Шиді жүнмен, жіппен бір-бірден арнайы білдекте орайды. Дәуірбек Жақсылық білдектерді де өз қолымен, тиісті өлшемдерге сәйкес болатындай, ағаштан арнайы орташа немесе кішірек қылып істейді. Білдекте болашақ жұмыстың суретін жасауға болады. Оның астында қаламмен салынған суреті жапсырылады.
– Көрмеге үлкен жұмыстарды апарамыз. Ең ерекше жұмыстардың ішінен менің есіме жіптен жасалған екі метрлік кілем бірден түседі. Оқушым жылқының суретін қиып, кілем жасаған. Бұл жұмыс Шымкенттегі көрмеде бірінші орын алған еді, – деп есіне түсіреді Дәуірбек Жақсылық.
Үйірмеге қыз балалар алты жасынан бастап, бой жетіп өскенге дейін барады. Оларды сабақ жасынан бастап қабылдайды. Бүгінде «Сырмақ» үйірмесіне алпыс шақты қыз бала барады. Олар аптасына екі рет келеді. Таңертең оқитындар түстен кейін, ал түстен кейінгілер сабаққа дейін келеді. Олардың арасында 6-10 жыл жүрген балалар да бар.