Павлодарлық оқушы қымыздан жасалған сабын жобасымен бірінші орын алды
Ол қымыздың шығу тарихы, сабынның пайдасы мен алынуы туралы мәліметтер жинаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы 2-7-сынып оқушылары арасында «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының облыстық кезеңінің қорытындысын шығарды.
Зерттеу жұмыстарын қорғау 12 секция бойынша жүргізілді: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі, математика, қолданбалы математика, химия, биология, физика, ғарыш, медицина, психология, экология, тарих, өлкетану, информатика, робототехника ЅТЕМ инженерия, этномәдениеттану, технология және өнер, туризм және спорт.
Қалалық турдың қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған Павлодар қаласы мектептерінің 313 оқушысы облыстық байқаудың бірінші іріктеу кезеңіне қатысты. Оның ішінде 34 мектептің 117 оқушысы конкурстың екінші облыстық кезеңіне жіберілді.
«Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының әдіскері Самал Арғынованың айтуынша, оқушылар зерттеу жұмыстарымен үлкен қызығушылықпен айналысады. Қазылар алқасы мүшелерінің пікірінше, оқушылардың жұмысын орындау сапасы да өскен. Байқау қатысушылары аспан құбылыстарының, математикалық теңдеулердің құпияларын, энергияны үнемдеу мәселелерін, магниттің ерекше қасиеттерін зерттейді. Олар өздері үшін физика мен техниканың таңғажайып әлемін ашады.
– Жас зерттеушілерді электр қуатын қалай алуға болады, қағазға, пластмассадан жасалған бұйымдарға, судың сапасына, адам ағзасындағы бактериялардың өміріне екінші өмір беру туралы мәселелер қызықтырады. Байқауға дайындық барысында оқушылар өз өлкесінің тарихын және мәдени мұрасын зерттеді. «Зерде» байқауына дайындықта ғылыми жетекші маңызды рөл атқарады, – дейді Самал Арғынова.
Байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша қала мектептерінің 70 оқушысы, 61 зерттеу жұмысы мен шығармашылық жобаның авторы жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде 5 жоба – бірінші, 19 жоба – екінші және 37 жоба үшінші орын алды.
«Химия, биология» секциясында № 7 мектептің 7-сынып оқушысы Іңкәр Серікболқызы «Қымыз сабынды зерттеу» жобасы үшін І орынды иеленді.
Ол қымыздың шығу тарихы, оның өндірісте, тұрмыста қолданылуы, сабынның пайдасы мен алынуы туралы мәліметтер жинап, қымыз тек тамақ өнімі ретінде ғана емес, сонымен қатар басқа да пайдалы мақсаттарда қолданыла алатынын дәлелдеді.
– Нәтижелер сабынның пайдалы қасиеттері туралы қорытынды жасауға және оны тек гигиеналық мақсатта ғана емес, медициналық мақсатта да қолдануға мүмкіндік берді, өйткені сабын жақсы антисептикалық әсерге ие. Сондай-ақ, сабынды жәндіктер шағып алғаннан кейін және шаш тамырларын нығайтуға және басқа мақсаттарға қолдануға болады. Оның құрамында табиғи өнімдер қолданылады және химия жоқ, – дейді Іңкәр Серікболқызы.
№ 17 ЖОМ 4-сынып оқушысы Алена Ерофеева – «Жұмыртқадан тауыққа», № 14 ЖОМ 3-сынып оқушылары Матвей Жестовский мен Артем Сокрута – «Технология және өнер» секциясында «Қосылыстар мен бұйымдарды дәнекерлеу», «Орыс тілі мен әдебиеті» секциясында № 17 ЖОМ 7-сынып оқушысы Мерей Тұрсынова – «Зира Наурызбай кітабын геймификациялау» және Лили Калаус – «Бату мен оның достарының «Барсакелмес» еліндегі шытырман оқиғалары», «Туризм және спорт» секциясында № 26 ЖОМ 4-сынып оқушысы Дарья Ищук «Жүзу, оның ерекшеліктері мен адам денсаулығына әсері» жобасы үшін бірінші орынды иеленді.
Барлық қатысушылар сертификаттармен марапатталды, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Ертіс дарыны» орталығының I, II, III дәрежелі дипломдар табыс етілді.
Облыстық кезеңнің жеңімпаздары байқаудың республикалық турына қатысады.