Ысырап болмасын: Ел анасы павлодарлықтарға тілашар дәстүрінің маңызын түсіндірді
Мектепке барар алдында бала тез сөйлеп кету үшін қазақта тілашар тойын жасайды. @Pavlodarnews.kz тілшісі бұл дәстүрдің мән-мағынасын және пайдасын білу үшін «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максиловадан сұхбат алды.
Қазақта ежелден ата-бабадан келе жатқан дәстүрлердің бірі – тілашар. Күні бүгінге дейін бұл салт-дәстүрді тілі шықпаған балаларға арнап, дүбірлеп өткізеді. Әдетте күз басталмай жатып, бірінші сыныпқа баратын балаларға тілашарды ата-анасы не болмаса, атасы мен әжесі жасайды. Ел анасы атағын алған Бақытжамал Максилованың сөзінше, тілашарда баланың тілін шығару үшін әртүрлі ойындар көрсетіледі.
– Балаға бірінші «әке-көке» деп айтқызады, ал қазіргі балалар «мама, папа» деп айтады. Негізі «»ата деген кезде бала тезірек үйренеді. Біз өз немерелерімізді солай айтқызып үйреттік. «Папа, мамаға» көп көшіп кете береді, бірақ-та баланың тілі шықса болды ғой, – дейді Бақытжамал Максилова.
Оның сөзінше, баланың тілі шығуы үшін ақын-жазушылар, елге әйгілі адамдарды шақырып, тілішар жасайды.
– Тілашар жасау керек пе, жоқ па деген екі жақты пікір айтылады. Ең бастысы, тойда ысырап болмаса екен. Кейбіреулер тойды ысырап қылып жібереді. Бұл дәстүр негізі бата алу үшін атқарылады, – дейді ол. – Тілі ашық, өнерлі болсын деген ниетпен құрметті адамдарды шақырады.
Бақытжамал Максилованың пікірінше, бала бата берген кісіге қарап еліктеп өседі.
Тойда дастарханның басында отырғанда сыйлы атасына, әжесіне сөз береді де, бала батасын алады. Содан кейін сойылған қойдың таңдайын алып, баланың алақанына ұстатып, жегізеді. Бақытжамал Максилова бұрынғы кезде тілашар басқаша тойланатынын атап өтті.
– Бұрындары баланың мойнына қойдың шегін салып: «сенің тілің шықсын, тілің шықсын» деп айтатын. Молданы шақырып, тілашарға батасын береді. Кейіннен бала сол молдадан білім алады. Енді қазір ешкім олай жасамайды, – деп түсіндірді спикер. – Баяғыда бала туғаннан бері бес ай өткенде тілашар жасайтын. Бала батасын алып, тілі шықты деп айтатындар да болды.
Бақытжамал Максилова бұл дәстүрді тойлаған кезде балаға сыйлықты дұрыс таңдай білу керек екенін атап өтті.
– Мен өзім тілашарға барғанда ақша бермеймін, оның қажеті де жоқ. Әдемі қазақтың ертегілері, музыкамен айтылатын кітаптар сыйға тарту керек, – дейді ел анасы. – Немересін тойламаған ата мен әже де болмайды ғой. Мен өзімнің алғашқы немереме Әліппе сияқты сандық жасадым. Қазір ол алтыншы сыныпта оқиды, сол сандыққа өзінің мақтау қағаздарын, Алғыс хаттарын салып отырады.
Жуырда ғана баласының мектеп баруын тойлатқан Ақсу қаласының тұрғыны Инабат Ізбасарова отбасы ең жақын туған-туыс, жора-жолдас 50 адамды шақырғанын айтады.
– Әрбір ата-ана ең жақсы деген дүниені бергісі келеді. Біз де сол дәстүр бойынша үлкендердің батасын алу мақсатында дәмханада атап өттік. Әрине, бұл жерде ішімдік қойылмайды. Қазір баға шарықтап тұрған заманда асыра сілтеуге болмайды. Ең бастысы, баларымыз білімді болсын! – дейді қала тұрғыны.