Павлодарлық аналар қыздарды әдептілікке шақырды
Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қызға қырық үйден тыйым» тақырыбында тәрбие сағаты өтті, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Шараның мақсаты – қыз балалардың мінез-құлқын, жүріс-тұрысы мен сөз сөйлеу мәнерін тәрбиелеу, жан-жақты болып дамуына бағыт беру, қазақ болмысына тән қасиеттерді талқылау, имандылыққа баулу, үлкендерді құрметтеу, білімге деген құштарлығын арттыру, жаман әдеттен сақтандыру, жақсылыққа шақыру.
Кездесуге «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айжан Апсаттарова, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері, ұлағатты ана Мәшім Жамбы Ипатқызы мен ақ жаулықты әжелер, Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіт әйел-қыздар секторының меңгерушісі Ақерке Тұрғынбайқызы шақырылды. Қонақтар оқушылар мен студенттерге өз ақыл-кеңестерін айтып, қазақи салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардан дәріс берді, қыздарды әдемілік пен әдептілікке, жат қылықтан аулақ болып, үлгілі болуға, ата-ананың үмітін ақтауға шақырды.
Іс-шара жастармен пікір алмасу түрінде ұйымдастырылды. Қыз баласына байланысты мақал-мәтелдер мен тыйым сөздердің мағынасы талқыланды.
– Қыз бала – болашақ ұлтты тәрбиелейтін ана. Сондықтан олардың тәлім-тәрбиесіне ерекше мән беріледі. Оған анасы ғана емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болған. Халқымызда «Қызды қырық үйден тыю, қала берсе, қара күңнен тыю» деген мақал бар. Шын мәнінде бала тәрбиесі жаумен арпалысып, елді қорғаумен тең. Бүгінде жастар арасында Абай, Шоқанды дүниеге әкелген отбасы институтын сақтап қала алмай отырғандаймыз. Бала туғаннан бастап жеген тамағына дейін таза болуын қадағалау қиынның қиыны. Мәселен, Ұлжан анамыз Абайды дәретсіз емізбеген. «Қызы жақсымен ауылдас бол», «Ары бар, ақылы бар ата-ананың қызынан қапы қалма» деп бекер айтпаған, – дейді Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі этнография бөлімінің басшысы Жеңісбек Қадырұлы.
Бауыржан Момышұлы атындағы №22 мектептің жанынан құрылған «Аққу» клубының қыздары қошқар мүйіз оюының үлгісін қиып, мағынасы мен шығу тарихы жайлы баяндады. Сондай-ақ «Қыз өссе, елдің көркі» тақырыбында қыздар туралы кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Б. Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледждің студенттері қазақтың ұлттық киімдерімен келді. Қыздарға арналған әуезді әсем әндер орындалды.
Шараға қатысуға ниет білдірген ер балалар да қыздар мен аналар, әжелер жайында өз ой-пікірлерін ортаға салды.