Павлодарлық баскетболшы қыздар ұлттық чемпионат үштігінде бекіді
«Ertis» кеше Талдықорғанның «Жетісу» командасын ұтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Матчтар Павлодардағы №2 ОРМБЖМ (бұрынғы «Автомобилист») алаңында өтіп, 92:62 және 87:60 есебімен аяқталды. Бірінші ойында алаң иелері басынан бастап жоғары қарқынмен ойнап, қарсыластарына ешқандай мүмкіндік қалдырмай, жеңіске жетті. Ең көп ұпай жинағандар: Тамилла Жақыпова 24, Лия Умерова 17 және Ульяна Мекшун 14 ұпай жинады.
Екінші ойында Константин Егоровтың командасы ойын тізгінін уысынан жібермей, сенімді жеңіске жетті, 87:60. Қамажай Өтегенова 22, Тамилла Жақыпова 19 және Лия Умерова 15 ұпаймен көш бастады.

Осы жеңістердің арқасында Павлодар командасы лиганың үздік үштігінің қатарында өз орнын нығайтты: астаналық «Tigers» бірінші, «Оқжетпес» екінші, ал «Ertis» үшінші орында. Павлодар командасы келесі ойындарын 5-6 наурызда Көкшетауда «Оқжетпеске» қарсы өткізеді, ал 14-15 наурызда олар «Каспий» командасын қабылдайды – бұл команданың ағымдағы маусымдағы соңғы үй ойындары болады.